Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Алматы облысына барды. Президент Алатау қаласын дамыту жөнінде кеңес өткізіп, өңірдегі бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысанды аралады. Аймақта қандай оң өзгерістер бар? Алматы облысының экономикалық-әлеуметтік көрсеткіші қандай?
Елімізде екінші «Сингапур» пайда болады. Іргетасы қаланған «Алатау сити» цифрлы әрі экологиялық таза қала болмақ. Бүгінде мегаполистің бас жоспары да бекітіліп, арнайы экономикалық аймақ құрылды. Сондай-ақ әлеуметтік нысандар салынып, инженерлік жүйе кіргізіліп жатыр. Болашақта ақылды қалада Күн сәулесі мен жел қуаты арқылы энергия көзі алынатын болады. 2029 жылы Алатау ситиден жүргізушісіз такси қатынай бастайды. Және дроньдар арқылы жеткізу қызметі іске асады.
Болашақта бұл қалада IT-сәулетшілер, блокчейн-инженерлер, жасыл энергетика мамандары, дрондарды басқару жүйесінің операторлары және халықаралық ағылшын құқығын меңгерген заңгерлер сұранысқа ие болмақ. Қаланы дамыту үшін өткен айда Мемлекет басшысы «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заңға қол қойды. Енді мегаполис ерекше мәртебеге ие болады.
Юрий Цхай, «Caspian Group» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы
- Бұл бірегей конституциялық заң. Бұл уақытқа дейін көбіне бюрократия кедергі келтірді. Құжат реттелсе, құрылыс тез-ақ жүреді.
Алатау қаласының ауданы 88 мың гектарды құрайды. Бүгінде 53 инвестициялық жобадан тұратын пул жасақталды. Мәселен, PepsiCo компаниясы Орталық Азиядағы картоп өңдейтін ең ірі зауыт салып жатыр. Mars Petcare компаниясы үй жануарларына арналған азық өндіретін заманауи жобаны қолға алды. Alatau City аймақтағы толық цифрланған алғашқы қала болмақ. Мұнда Smart City технологияларын енгізуден бастап, тауарлар мен қызметтердің ақысын криптовалютамен төлеуге дейінгі инновациялық шешімдер жүзеге асырылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Alatau city жобасы шын мәнінде, жан-жақты зерделенді, пысықталды деп айтуға болады. Жалпы әлемдік тәжірибеге қарайтын болсақ, дәл осы болашақ қалаларын салу арқылы ел дамуын жаңа сапалық деңгейге көтеруге зор мүмкіндік туады. Мысалы, Дубай, Шэньчжэнь, Инчхон, тағы да бірқатар қаланың сәтті жобалар екені баршаға мәлім. Сол себепті біз де Alatau city жобасына зор үміт артып отырмыз. Бұл істе ең алдымен құқықтық сұрақтарды, жер және инфрақұрылым мәселелерін шешу қажет».
Хен Файн Вонг, Asia Infrastructure Solutions Singapore компаниясының төрағасы, Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі /Сингапур/:
-Біз осы жылдың қазан айында әйгілі қаланың құрылысын бастауға ниеттіміз. Алдымен жеті корпоративтік кеңсе 2028 жылға дейін дайын болуы керек. Айта кететіні, біз қызғалдақтарды отанына қайтарамыз. Яғни осында әдемі пейзаж пайда болып, дала ерекше құлпырады.
Мемлекет басшысы Алатау ситидің Алматы қаласының іргесінде орын тебуі де оңтүстік астана үшін бірегей мүмкіндік екенін еске салды. Бұл ретте Алматы агломерациясын дамытуды қолға алған жөн. Бүгінде Алматы облысы тек туристік аймақ емес, өндірісті өлкеге айналып келеді. 2022 жылдан бері «Шин-Лайн» балмұздақ зауыты, балық өнеркәсібі кешені, пластикалық бұйымдар өндірісі, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу іске қосылған. Бүгінде өлкеде 1654 өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істейді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 6,7 трлн теңгені құрап, экономикалық өсім 5,4%-ға жетті. Тауар өндіру үлесі 38,2%-ға ұлғайса, қызмет көрсету саласы 51,8% пайызға артты.
Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:
-Инвестициямыз 2-де 2 есе өсті. Биыл одан да ұлғайтамыз деген жоспар қойып отырмыз өзімізге. Осы 4 жылда 120-дан аса кәсіпорын ашылды, 120-сы ең ірілері. Былтыр 1 трлн 300 млрд теңгеден инвестициямыз асты. Биыл 100-ге жуық кәсіпорын қосуға көздеп отырмыз. 4 жылда жергілікті бюджетіміз 2,5 есе ұлғайды. 300 млрд-тан 700-ге дейін.
Өңір басшысының айтуынша, Алматы облысында құны 22 млрд теңгеден асатын жаңа экопарктер бой көтереді. Сондай-ақ Көлсай көлдерінде аспалы жол салынып, туристердің еркін жүріп-тұруына жағдай жасалмақ. Ал облыстағы қара шатқалға шыныдан аспалы жол төселеді. Мемлекет басшысы да облыстың даму қарқыны жаман емес екенін тілге тиек етті.
«Алайда, бір олқылыққа назар аударғым келеді. Қонаев қаласындағы инфрақұрылым құрылысы өте баяу жүргізіліп жатыр. «Баяғы жартас – сол жартас», қаланың келбеті өзгеріссіз күйде. Бұл қалада шұғыл түрде театр, стадион, әкімшілік ғимараттары мен мектептер салу керек. Онсыз Алматы облысы өз аяғына тұрып кете алмайды. Облыс басшылығы осы өзекті мәселелерге баса назар аударуы қажет».
Жиын соңында Мемлекет басшысы өңірдің дамуына үлес қосып келе жатқан бір топ азаматқа «Құрмет» ордені мен Ерен еңбегі үшін медальін табыстады. Және Орталық Азияда теңдесі жоқ жылыжай кешенінің жұмысымен танысты.
Бұл елімізде баламасы жоқ жоғары технологиялы жылыжай кешені. Кәсіпорын күніне 20 мың қорап өнім шығарады. Олар бірден еліміздегі супермаркеттерге жөнелтіледі. Смарт-технологиялар арқылы жасалған кешенде 30-дан аса пайдалы өсімдік пен шөп өсіріледі. Мұндағы аскөкті тұтынар кезде жумай-ақ бірден жей беруге болады. Себебі олар стерильді таза ортада өсіріледі.
Роман Шнайдерман, «Green Eco» ЖШС директоры:
-Арнайы ыдыста өсіреміз. Тұтынушы алған кезде өз бақшасынан алғандай балғын күйде болады. Бастысы өзінің пайдалы қалпын сақтайды. Арнайы егін машинасы отырғызады бәрін. Мұны ауыл шаруашылығындағы хайтек десек те болады.
Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысындағы бірегей спорт жобасы «Атлетико де Мадрид Қазақстан» халықаралық деңгейдегі футбол академиясының қызметімен танысты.
Бұл Орталық Азиядағы алғашқы академия. Мұнда қазір Қазақстанның әр өңірінен іріктелген 116 жас футболшы испан футболының әдістемесімен жаттығып жүр. Бұл жерде оқу әр спортсүйер өреннің арманы. Себебі әйгілі «Атлетико Мадрид» клубының мамандары әр оқушымен жеке жұмыс істейді.
Хосе Варело, «Атлетико Де Мадрид Қазақстан» академиясының жаттықтырушысы / Испания/:
- Біз қазір расымен академиядағы балаларға таңырқай қараймыз. Олар біздің әдіс-тәсілімізге, мінез-құлқымызға тез бейімделді. Мадрид клубында Аналитикалық орталық бар. Яғни әр ойыншы сыни ойлау білу қажет. Және футболшының ерік-жігері мықты, өзіндік мінезі бар болғаны жөн. Және футболды жан-тәнімен сүю қажет.
«Атлетико де Мадрид» футбол академиясы тек спорттық база емес, әлемдік деңгейдегі футболшыларды даярлайтын орталыққа айналып, қазақстандық футболдың дамуына жаңа серпін бермек.
Құралай Жұмахан, Айдос Меделбеков, Бақытбек Нұртаев