Көп ұзамай ел өңірлерінде «Әділет» партиясының филиалдары ашылады. Олар халықпен тығыз байланыс орнатып, түрлі салалардағы жағдайды бағамдайды. Сондай-ақ елдің дамуы үшін ортақ міндеттер төңірегінде саяси күштерді топтастыруға баса мән берілмек. Бұл туралы Астанада өткен «Әділет» партиясының 2-ші съезінде айтылды. Жиын барысында делегаттар AMANAT партиясының «Әділет» партиясына қосылуы туралы шешімді қолдады.
«Әділет» партиясының 2-ші съезіне әр өңірден келген делегаттардан өзге, қоғамдық және кәсіби бірлестіктердің өкілдері келді. Олардың арасында білім, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, мұнай-газ секілді түрлі сала бірлестіктерінің жетекшілері де бар. Әділдік, жауапкершілік, прогресс сынды құндылықты ұстанатын партия төрағасы оның іс жүзінде іске асатынын да айтты.
Айбек Дәдебай, «Әділет» партиясының төрағасы:
- Іс жүзінде әрине міндетті түрде жүзеге асатын болады. Себебі біздің еліміздің жаңа Конституциясы бар. Онда көптеген жаңа құндылықтарымыз бар. Ол жөнінде өздеріңіз жақсы білесіздер, сол үшін халқымыз дауысын берді референдумда.
Жиында партияның одан әрі дамуы, ұйымдық құрылымды нығайту және өңірлік филиалдарды құру мәселелері қаралды. Партия соңғы аталған бағытқа ден қоюды көздеп отыр. Себебі, халық тек қолға алған істер мен оның нәтижесі арқылы ғана бағалайтынын айтады.
Бөріхан Нұрмұхамедов, «Әділет» партиясы саяси кеңесінің мүшесі
-Сонымен қатар аудандық деңгейде да айрықша мән беруіміз керек. Елдің шынайы өмірі аудандарда, шағын қалалар мен ауылдарда өтіп жатыр. Азаматтарымыздың елеулі бөлігі сол жерде тұрады. Сондықтан «Әділет» партиясы еліміздің әр ауданында нақты жұмысымен көрінуі тиіс.
Съезд жұмысына AMANAT партиясының өкілдері де қатысты. Оның «Әділет» партиясына қосылуы күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі болды. Делегаттар бұл шешімді қолдап дауыс берді.
- «Әділет» партиясына AMANAT-тың қосылуы бұл тар партиялық мүддеден жоғары тұрған, ұлттық жауапкершілікке негізделген парасатты шешім. Қоғамның ел мүддесі үшін біріге алатындығының нақты дәлелі. Қоғам мен мемлекет алдындағы және келер ұрпақ алдындағы жауапкершіліктен туындаған, елдік берекеге бастайтын байлам. Біз азаматтардың сенімін ақтауға, әділдікті мемлекеттік жүйе мен дамудың тұғырына, қажет десеңіздер ұлттық болмысқа айналдыруымыз тиіс.
«Әділет» жуырда ғана құрылған жаңа партия. Өткен айда ғана алғашқы құрылтайын өткізіп, ресми қызметін бастады. Негізінен әділет, жауапкершілік, даму секілді құндылықтарға сүйеніп, Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құру бағытын толық қолдайды және оны елді нығайтудың стратегиялық бағдары деп санайды. Алда болатын саяси науқандарға да қатыспақ. Ал құрамында ел болашағына бей-жай қарамайтын азаматтар топтасып келеді.
Рауан Кенжеханұлы, «Әділет» партиясы саяси кеңесінің мүшесі:
- Біз өзіміздің 35-36 жылдық тарихымызда әділет туралы шындығында көп айтқан жоқпыз. Егер естеріңізде болса, біз осыған дейінгі кезеңдерде тұрақтылық туралы тұрақты даму туралы көп айттық. Сол негізгі басты құндылық ретінде ұсынылды. Қазір менің ойымша Қазақстан қоғамы, біздің қоғамдық сана, саяси санамыз осы әділдікті негізгі ұран ретінде де, құндылық ретінде де басшылыққа алатын кезге келді.
Бағдат Мусин, «Әділет» партиясы саяси кеңесінің мүшесі:
-Мен жасанды интеллект мәселелерін шешу мен оны реттеу үшін қосылдым. Өйткені оның пайдалы тұсынан өзге, адамдарға келтірер зияны да болады. Сондықтан осыған қатысты күн тәртібінде тұрған сұрақтар бар. Бұл тұрғыда «Әділет» партиясының ұстанымын қолдаймын.
Съезд барысында адами капитал мен заманауи технологияларды дамыту және азаматтық қоғам институттарын нығайту мәселелері де талқыланды. Партия құрамын кеңейту, әлеуетін одан әрі күшейту мәселесі де айтылды.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Аян Сәрсенбай