Қазақстан мен Еуропа: стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңі

  • 9
  • 22.06.2026, 19:35

Тұрақтылықты нығайту, барлық бағытта байланысты кеңейту және азаматтар үшін жаңа мүмкіндік жасау. Бұл Еуропамен өзара іс-қимылдың жаңа стратегиялық мақсаты. Мемлекет басшысының Брюссельге ресми сапары аясында Еuronews сайтына мақаласы жарияланды. Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған он жыл ішінде Еуропалық Одақ еліміздің ең ірі сауда және инвестициялық серіктесіне айналғанын атап өтті. Қазақстанда мыңдаған еуропалық компания табысты жұмыс істеп жатыр және олар ел экономикасын әртараптандыруға үлкен ықпал еткеніне тоқталған. Бірақ әлем ала-құла өзгерген уақытта қол жеткен табысқа тоқмейілсуге болмайды. Ықпалдастықты тереңдетуге экономикалық себептер де сұранып тұр. Халықаралық Валюта Қоры биыл жыл соңында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 360 млрд доллардан асатынын болжап отыр. Халықаралық қатынастарда теңгерімді, прагматикалық және сындарлы саясат ұстанатын Қазақстан БҰҰ Жарғысына бұрынғысынша берік және кез келген қайшылық пен қақтығысты бейбіт жолмен шешуге басымдық беруді жалғастыра беретінін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Бүгінде Қазақстан Еуропалық Одақтағы мұнай мен мұнай өнімдері импорты қажеттілігін 13 пайызға жуық, ал табиғи уранмен 16 пайызға қамтамасыз етіп отыр. Энергетикалық қауіпсіздік біздің өзара сеніміміздің, тұрақсыз әлем жағдайында да міндеттемелерімізді орындау қабілетіміздің айқын айғағы. Дәл осындай тәсілді ауыл шаруашылығында неге қолданбасқа? Азық-түлік қауіпсіздігі бүкіл әлемде стратегиялық мәселеге айналып барады. Қазақстан аса ірі астық өндіруші және экспорттаушы ел және әртараптандыруды қажет ететін еуропалық нарықтар үшін айтарлықтай әлеуетке ие».