Псевдопсихологтардан қорғайтын заң мақұлданды

  • 9
  • 25.06.2026, 19:33

Сенат азаматтарды псевдопсихологтардан қорғайтын заңды мақұлдады. Құжатқа сәйкес елде психологтар реестрі түзіледі. Сол тізілімге енбеген маманға енді өзін психолог ретінде танытып, азаматтарға қызмет көрсетуге тыйым салынады. Ал тиісті рұқсаты бар мамандар азаматтардың көңіл күйі, эмоциясын, яғни жанын емдеумен ғана айналысуға тиіс. Медициналық қызмет көрсетіп, дәрі-дәрмек тағайындауына рұқсат етілмейді. Құжаттағы маңызды жаңалықтардың бірі – психологтарды сертификаттау институтын енгізу. Сонымен қатар психологтардың әдеп кодексі бекітіліп, кәсіби жауапкершілік пен құпиялылық қағидаттарын сақтау қамтамасыз етіледі.  Айта кетейік, еліміздің барлық өңірінде қазір психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді. Өткен жылы оларда 50 мыңға жуық психологиялық кеңес берілген. Осы өзгерістер арқылы енді өзін психолог ретінде таныстырып, ақылы курс ұйымдастыратын бологерлер мен басқа да белсенділердің әрекетіне тосқауыл қойылады.  

Әсем Рахметова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Мемлекеттік тізілімге енген психологтар өз ісіне жауапкершілікпен қарауға міндетті болады. Аталған тетіктерді енгізу үшін елімізде қажетті кадрлық және институционалдық негіз қалыптасқан. Психологтарды 43 жоғары оқу орны даярлайды. Бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша шамамен 17 мың студент білім алуда. Ал жыл сайын 4 мыңға жуық маман оқуын аяқтайды. 

Шетелдік радиоактивті қалдықтарды елге әкелуге тыйым салынады. Сенаторлар бүгін тиісті заңды мақұлданды. Құжатта Қазақстан Республикасы Үкіметінің, уәкілетті органның және жергілікті атқарушы органдардың радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы құзыреті бекітілген. Заң нормаларында радиоактивті қалдықтардың түзілуін,  сақталуын, қайта өңделуін, тасымалдануы мен көмілуін қадағалау көзделген. Сонымен қатар мемлекеттік есепке алу және бақылау белгіленген.