Мәртебелі мейманға ілтипат білдіре отырып, Мемлекет басшысы оның елімізге сапары Қазақстан мен Таиланд арасындағы қарым-қатынастың дамуына тың серпін беру тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы екіжақты сауда-экономикалық байланыстар қарқыны үдеп келе жатқанына назар аударды. Бұған өзара визасыз режим, туристер ағынының жоғары көрсеткіші және іскерлік байланыстардың кеңеюі айтарлықтай септігін тигізіп отыр.
– Қазақстан – Таиландтың Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі. Өңірмен жалпы тауар айналымының 70 пайызы біздің елімізге тиесілі. Әйтсе де әлеуетіміз әлі жеткілікті деп санаймыз. Қазіргі кезде Қазақстан нарығында 55 таиландтық компания тіркелген. Сізбен бірге елімізге үлкен бизнес-делегация келген екен. Қазақстан іскерлік байланыстардың нығаюын құптайды әрі Таиланд компанияларын еліміздегі инвестициялық мүмкіндіктерді қарастыруға шақырады, – деді Президент.