«Әнұраным – айбыным, көк байрағым – байлығым!». Елімізде 13 шілдеден бастап Мемлекеттік рәміздерді орналастыру қағидаларына қатысты Үкімет қаулысына өзгерістер енгізілді. Бұл шешім Мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін жетілдіруді және оларға деген құрметті нығайтуды көздейді.
Мемлекеттік рәміздерге ықыласы ерекше жанның бірі –оралдық кәсіпкер Аветик Амирханян. 1973 жылы 18 жасында алыс Армениядан жолдамамен келген жас құрылысшы Орал қаласында өсіп-өніп, еселі еңбекпен бақытын тауып, халқымыздың даладай дарқан пейілін бойына сіңіріпті. Бүгінде шетелге шықса, өзін қазақпын деп таныстырады, көк жалаушаларды міндетті түрде қоржынға салып жүріп таратады. Тіпті қайбір жылы Ереванға барып, қазақтың көк байрағын желбіреткені де бар.
Аветик Амирханян, Орал қаласының құрметті азаматы:
-Қызым Арменияға тұрмысқа шығып, Ереванға бардым. Барсам, той өтетін кешенде ондаған мемлекеттің туы ілініп тұр. Қараймын, ішінде қазақтың көк туы көрінбейді. Қатты намысыма тиіп кетті. Сосын сол ресторанның қожайынын шақырып алып: «мен Қазақстаннан құда боп кеп тұрмын. Егер мына жерге көк байрақ ілінбесе, той төріне отырмаймын», - деп айттым. Ол да мені түсінді. Содан Ереваннан Қазақстан рәмізін іздеп таптық. Сол жерде әнұран ойнатып, ту көтердік.
Ал оралдық кәсіпкер кеңсесінің маңдайшасындағы мына туды бүгін іліпті. Айтуынша, 13 шілдеден бастап Мемлекеттік рәміздерді орнату қағидаларына қатысты Үкімет қаулысына енген өзгерістерге сәйкес енді жеке және заңды тұлғалар Мемлекеттік Туды ғимараттарға, оның ішінде балкондарға да 45 градус бұрышпен іле алады. Ал бұл норма 2020 жылдан бері заңнамада болғанымен, балконға орналастыру тәртібі нақтыланбаған еді.
Нұрбиғаш Сәтмағамбетова, БҚО Қоғамдық даму басқармасының бас маманы:
-Қағидаларға Мемлекеттік Туды пайдалануға қатысты бірқатар талап та енгізілді. Мәселен, жеке тұрғынүйлерде Ту жерден кемінде үш метр биікте орнатылуы тиіс. Енді түнгі жарықтандыру міндетті емес. Ал егер ғимараттың ерекшелігіне байланысты Туды қасбетке орналастыру мүмкін болмаса, оны үй аумағындағы флагштокқа орнатуға болады. Айта кетерлігі, Ту жерге, еденге, суға немесе өзге де заттардың бетіне тимеуі тиіс. Тік орналастырылған жағдайда ұлттық өрнек матаның жоғарғы жағында болуы қажет.
Міндетті талап ту ұлттық стандартқа толық сәйкес болуы тиіс. Өңі кеткен, жыртылған, кірлеген Мемлекеттік Туды пайдалануға тыйым салынады. Әдейі бүлдіруге, жоюға, өртеуге, жыртуға, жерге тастауға жол берілмейді.
-Қағидаларда Мемлекеттік Туды жарнамалық мақсатта пайдалануға, сондай-ақ оны киім-кешек, төсек-орын жабдықтары, перде, дастарқан, төсеніш және тұрмыстық мақсаттағы өзге де бұйымдарға орналастыруға тыйым салынған. Сонымен бірге енгізілген өзгерістерге сәйкес, Мемлекеттік Тудың бейнесін спортшылардың киімі мен жабдықтарында қолдануға рұқсат етілді.
Сондай-ақ өзгерістердің бірі терминологияны біріздендіруге бағытталған. Бұдан былай нормативтік құқықтық актілерде «Гимннің» орнына «Әнұран» атауы қолданылады.
Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов