Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның сайлауалды штабы өңірлердегі халықпен кездесуін жалғастырып жатыр. Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданында партия өкілдері жергілікті тұрғындармен жүздесіп, ауыл өміріндегі өзекті мәселелерді талқылады. Жолдардың жай-күйі, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, жер мен тұрғын үйге қатысты түйткілдер сөз болды.
Ал Алматы облысының Талғар ауданында депутаттыққа кандидаттар жиһаз цехінің еңбек ұжымымен кездесті. Олар өндірістегі еңбек жағдайымен танысып, жұмысшылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Кездесу барысында еңбеккерлерді алаңдатқан әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер де талқыланды.
Қызылорда облысының Шиелі ауданында өткен жиында ауыл тұрғындары азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесін көтерді. Сонымен қатар көпбалалы отбасыларды қолдау тетіктерін күшейту қажеттігін айтып, әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.
Ерғазы Қожақов, ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы:
-Бұл жерде бірнеше сұрақ көтерілді. Біріншісі, жаңағы тамақ өнімдеріне бағаны төмендету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды қалай жетілдіру, сосын зейнетақы жасын төмендету бойынша. Біз бұлардың барлығын алдағы жұмыс жоспарларымызда ұсынатын боламыз.