«Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері Астанада экологиялық көлікті насихаттауға бағытталған акция өткізді. Белсенділер жаңа қоғамдық көлік түрі «Тарланға» мініп, «Бәйтерек» стансасында жолаушылармен кездесті. Шара барысында тұрғындарға экологиялық таза көліктің артықшылықтары түсіндіріліп, заманауи қатынас құралдарын дамыту мәселелері талқыланды. Партия өкілдерінің айтуынша, мұндай жобалар қалалардағы көлік жүктемесін азайтып, қоршаған ортаға түсетін зиянды әсерді төмендетуге мүмкіндік береді. Белсенділер азаматтармен пікір алмасып, Қазақстан бойынша экологиялық көлік жүйесін дамыту бағытындағы ұсыныстарын жеткізді.
Нариман Баубек, «Байтақ» жасылдар партиясының мүшесі:
- Біз қала көшелерінде тұрғындармен кездесіп жатырмыз. Бұл жолы қалыптасқан форматтан сәл ауытқығымыз келді. Бұл Астана үшін мүлде жаңа қоғамдық көлік түрі. Оның зияны төмен, тіпті нөлге жуық деуге болады. Ең бастысы, тұрғындар діттеген жеріне кептеліссіз, тез жетіп, өзіне және отбасына көбірек уақыт бөле алады.