Ақмола облысында 518 мыңнан астам адам дауыс беру құқығына ие. Өңірде 759 дауыс беру учаскесі жұмыс істеп жатыр. Соның бірінен әріптесіміз Абзал Азаматұлы бізбен тікелей байланысқа қосылды. Құрылтай сайлауы қалай өтіп жатыр?
Біз қазір облыс орталығындағы нөмірі 23-ші дауыс беру учаскесінде тұрмыз. Сайлау учаскесі ашылған уақыттан таңмен таласа тұрғындар келіп, өз таңдауын жасап жатқанын байқадық.
Әсіресе, жастардың белсенділігі көңіл қуантады. Осы учаске бойынша дауыс беруге құқығы бар 1440 адам тіркеуге алынған. Оның алтауы 18-ге толып, алғаш рет өз таңдауын жасайтын азамат. Саяси науқанның барысын 1,5 мыңға жуық байқаушы бақылап отыр. Көбі партиялық емес ұйым өкілі. Мәселен, облыстық әкелер одағының мүшелері де атсалысып жатыр.
Құрылтай сайлауында күні бойы жұмыста болатын кәсіпорын еңбеккерлері де жұмыстан қол үзбей, еш қиындықсыз дауыс бере алады. Олар үшін 3 сайлау учаскесі құрылған. Оның екеуі аудандық жерде, біреуі облыс орталығында. Әскери бөлімдер мен қылмыстық атқару жүйесі мекемелері сынды арнайы орындарда да уақытша сайлау учаскелері жұмыс істеп жатыр. Науқан барысынан біз күні бойы ақпарат беріп отырамыз.