Бельгияда жұмыс бабымен, отбасы жағдайымен уақытша тұрып немесе білім алып жатқан отандастарымыз дауыс беру үшін елшілік ғимаратында орналасқан сайлау учаскесіне барды. Брюссельдегі меншікті тілшіміз Ғалымжан Қараманұлы қазір бізбен тікелей байланыста.
Брюссель Астанадан 3 сағат артта. Елшілікте орналасқан №405 сайлау учаскесі Бельгияда ғана емес көрші Люксембург мемлекетінде тұратын отандастарымыз үшін де өз есігін айқара ашты. Бүгінде консулдық есепте Қазақстанның 262 азаматы тұр. Бірақ ресми тіркеліп үлгермеген отандастарымыз да осында келіп, таңдау жасай алады. Қазақ диаспорасының өкілдері ел өміріндегі маңызды оқиғадан тыс қалмақ емес. Еуропаның озық университеттерінде білім алып жатқан жастарымыз үшін де сайлауға қатысу елдегі қоғамдық-саяси үдерістерге өз үлесін қосудың мүмкіндігі болып тұр. Жақындарын көру үшін осында саяхаттап келген отандастарымыз да өз таңдауын жасап жатыр.
Клара Есмағанбетова, турист:
-Брюссельде жұмыс істеп жатқан балаларыма қыдырып келген едім. Қазақстан тарихындағы тұңғыш Құрылтай сайлауына қатысып, дауыс беруді өзіме міндет санадым. Осы учаскеде алғашқылардың бірі болып, таңдауымды жасадым. Тарихи оқиға болған соң шашу шашып, ырымын да жасадым.
Дауыс беру барысында заңнамада белгіленген талаптардың сақталуын учаскелік сайлау комиссиясы қадағалауда. Уақыт ерекшелігіне байланысты учаске 2 сағатқа жуық уақыт бұрын ғана ашылды. Оның жұмысы кешкі 8-ге дейін жалғасады. Ол кезде Астанада түнгі 11 болады. Одан кейін комиссия мүшелері дауыстарды санауға кіріседі.
Бізбен тікелей байланысқа шыққан Брюссельдегі тілшіміз Ғалымжан Қараманұлы.