Мемлекет басшысы Құрылтай депутаттары сайлауында дауыс берді

Мемлекет басшысы Құрылтай депутаттары сайлауында дауыс берді
  • 41
  • 23.08.2026, 12:12

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесінде Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс берді.

Мемлекет басшысы дауыс берген соң бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өткізді.

Президент Құрылтай сайлауының маңызы айрықша екенін атап өтіп, бұл саяси оқиға ауқымды өзгерістердің жаңа кезеңіне жол ашатынын айтты.

– Шын мәнінде, бүгін – еліміз үшін тарихи күн. Тұңғыш рет бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізіп отырмыз. Бұл – маңызды тарихи оқиға. Біз біртұтас ел болып, ауқымды реформалар жүргізіп жатырмыз. Мұны бәріңіз білесіздер, куә болып отырсыздар. Ойдағыдай нәтижелерге қол жеткіздік. Дегенмен алдымызда тұрған жұмыс ауқымды, мақсатымыз маңызды деп айтуға болады. Бүгінгі сайлау – осы жұмыстың бастауы ғана, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Бұдан соң Мемлекет басшысы алғашқы Құрылтай сайлауына және елдегі өзгерістерге қатысты бірқатар сауалға жауап берді.

Сағыныш ӘБІКЕЙ, «Хабар» телеарнасының тілшісі:

– Сіз конституциялық реформа тарихи өзгерістердің бастамасы екенін, ал түбегейлі жаңғырту жыл соңына дейін, тіпті, келесі жылы да жалғасатынын айтқан едіңіз. Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесі іске кірісіп, Вице-Президент лауазымы тағайындалғаннан кейін елде қандай өзгерістер болады?

– Жұрттың бәрі Вице-Президент лауазымы туралы сұрап жатыр. Расында, бұл – айтулы өзгеріс. Біз Конституциямызға жаңа лауазымды арнайы енгіздік. Себебі қазіргі бұлыңғыр заманда мұндай лауазым елімізге өте қажет. Келесі аптада немесе он күн ішінде Вице-Президент кім екені мәлім болады. Мен оны қазір анық айта алмаймын. Ол белгілі, сіздер жақсы білетін адам болады деп ойлаймын. Тағы басқа реформаларды іске асырамыз. Мысалы, Қазақстан Халық Кеңесінің жұмысын жандандыру қажет. Халық Кеңесі дегеніміз – жаңа орган. Кейбір азаматтар Ассамблея туралы сұрап жатыр екен. Халық Кеңесі Ассамблеяның атқарған қызметін одан әрі күшейтеді деп ойлаймын. Бұл көпфункционалды, жаңа саяси тетік деп айтуға болады. Сондықтан Кеңестің жұмысы жемісті болатынына кәміл сенемін. Жалпы, жоспарымыз өте ауқымды. Осыған дейін айтқанымдай, Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналуы керек. Әр облыс орталығында немесе аудандар мен қалаларда ірі құрылыстар жүргізіледі. Емханалар, балаларға арналған оңалту орталықтары, басқа да нысандар салынады. Астанада жаңа көпір, Домбыра сарайы, Су ресурстарын зерттеу орталығы секілді маңызды нысандар бой көтереді. Қалаларды абаттандыру керек. «Таза Қазақстан» акциясын ойдағыдай жалғастыру қажет. Сондықтан қол қусырып отыруға болмайды. Бәріміз бір ел болып іске кіріскеніміз жөн. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ, Отан үшін бәріміз күш салуымыз керек. Жалпы, саяси науқан жақсы өтті. Себебі жұрт алдына жаңа тұлғалар шықты, ұтымды идеялар айтылды. Бұл Құрылтай еліміздің дамуына тың серпін береді деп ойлаймын.

Тамара Вааль, Vlast.kz интернет басылымының тілшісі:

– Қасым-Жомарт Кемелұлы, жуырда Конституциялық сот жариялаған түсіндірмеге сәйкес, Сіздің Мемлекет басшысы ретінде Президент лауазымына қайта сайлануға құқығыңыз бар екен. Бұл жаңалық қоғамды елең еткізді. Сіз өз құқыңызды пайдаланып, 2029 жылғы Президент сайлауына түсуді жоспарлап отырсыз ба? Президент сайлауы 2029 жылы өте ме, әлде кезектен тыс сайлау болуы мүмкін бе?

– Конституциялық сот осындай шешім қабылдады. Әлбетте, заң жүзінде менің қайта сайлануға құқығым бар. Бірақ алдағы уақытта сайлау өткізуге және оған қатысатыным немесе қатыспайтыным туралы сөз қозғауға әлі ерте. Біз еліміздің алдында тұрған ауқымды міндеттерді еңсеруіміз керек. Тұтас Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдырып, ең алдымен, азаматтарға арналған әлеуметтік нысандар салуымыз қажет. Бұл мақсатқа Ұлттық қордың қаржысын пайдалануға дайынмын. Халықтың игілігіне жарата алмасақ, қаражатты шетелдерде құнды қағаз ретінде ұстап отырудың қажеті қанша? Қаржыны жай ғана ұстап отыруға қарсымын. Қаражат халқымыздың, азаматтарымыздың игілігіне қызмет етуі керек. Әрине, әлемдегі жағдайға баса назар аударуымыз, жан-жақты талдауымыз қажет. Өздеріңіз білесіздер, геосаяси ахуал күрделі. Бұралаң жолмен жүргенімізге қарамастан, ел ішінде бейбітшілікті сақтап, дамуға қарай бет алып келеміз. Экономикалық өсім анық байқалады. Мұны негізгі халықаралық қаржы институттарының бағасы да растады. Алдағы уақытта тағы жолығармыз. Бәлкім, келесі жылы... Сол кезде сізге нақты жауап беремін.

Рауль Ғабитов, «24kz» телеарнасының тілшісі:

– Құрылтай іске кіріскеннен кейінгі өзгерістерге тоқталсаңыз. Сіздің ойыңызша, жаңа заң шығарушы орган бірінші кезекте қандай заңдарды қабылдайды? Құрылтай депутаты қандай қасиетке ие болуы керек? Оның сайлаушылар алдындағы жауапкершілігі қандай?

– Әлгінде ғана айтқанымдай, алғашқы бір палаталы Парламент сайлауының тарихи мәні зор. Құрылтай сайлауына үлкен үміт артамын. Еліміздің дамуына тың серпін береді деп санаймын. Жаңа тұлғалар мен жаңа идеялар пайда болды. Жастардың ой-пікірін еркін жеткізуін, мемлекетіміздің қалыптасуына үлес қосуын әрдайым қолдаймын. Депутаттар, ең алдымен, заңның сапасына жауап береді деп сенемін. Екіншіден, олар берген уәделерін немесе бағдарламаларын орындауға тиіс. Үшіншіден, ел дамуына ықпал ететін заңдар қабылдануы керек. Қазір заман күрделі. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Сондықтан туған елімізді озық, заманауи мемлекетке айналдыру жолында күш-жігерімізді біріктіру керек. Бұл ретте Конституция бізге мол мүмкіндік береді. Біртұтас ел болып қабылдаған Жаңа Конституциямыз өте озық, мазмұнды құжат деп айтсақ, қателеспейміз. Сондықтан Ата Заң бізге, әсіресе, жастарға жарқын жол нұсқайды. Келешегіміз – жастардың қолында. Оған күмән жоқ.

Саяна Санақова, Atameken Business телеарнасының тілшісі:

– Заңға сәйкес, Құрылтай сайлауынан соң Үкімет жұмысын тоқтатуға тиіс. Соған сай Министрлер кабинеті жасақталады. Жаңа Үкіметтің бағыт-бағдары мен міндеттері жөнінде не айтасыз?

– Жалпы, Үкімет барынша табанды, жедел жұмыс атқарып, Мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындап отыр. Дүние жүзіндегі бәсекелестік күшейіп келеді. Нарықтың сын-қатерлеріне мұқият назар аударып, ең бастысы, тиісті деңгейде төтеп беруіміз керек. Әлбетте, Үкімет отставкаға кетеді. Үкімет құрамында бірқатар өзгеріс болады. Ашығын айтқанда, дәл бүгін Үкімет жұмысына алаңдауға немесе оған сын айтуға қандай да бір негіз жоқ. Министрлер де, Үкімет жетекшісі де қолдан келгенше міндеттерін атқарып жатыр. Бірақ кадрлық өзгерістер әрдайым болады. Өйткені бұл Үкіметтің жұмысына қан жүгіртеді. Мәселе біреуді орнынан босатуда емес. Мен жай сылтаумен жұмыстан шығаруға қашанда қарсымын. Әсіресе, қазіргі тілмен айтқанда, медиадағы контент немесе мазмұн үшін ауыс-түйіс жасаудың қажеті жоқ. Кадрлық шешім шын мәнінде жұмысқа тың серпін беруі керек. Бәріміз айтып жүрген жаңғыру үдерісі үздіксіз жүргізілуге тиіс. Өйткені бұл күрделі процесті алға жетелеп отыру қажет. Бұл істе Үкімет маңызды рөл атқарады.

Қырмызы Жандос, «Еуразия бірінші» телеарнасының тілшісі:

– Сайлау науқанын жіті бақылаған боларсыз. Осы жолғы партиялар арасындағы саяси бәсекенің деңгейіне қандай баға берер едіңіз?

– Мен бұл мәселеге оң баға берсем, қателеспеймін. Меніңше, саяси науқан жақсы өтті. Өте ұтымды, мазмұнды теледебаттар болды. Жастарымыз пікірталастарды зор ықыласпен тамашалады. Оған бәріміз де куә болдық. Бұл жаңғыруымыздың жаңа кезеңі әрі қарышты қадам болды деп айта аламын.

 

Ділназ Ерланқызы, Jibek joly телеарнасының тілшісі:

– Сіз Мемлекет басшысы ретінде жастарға сенім артып, оларға ұдайы қолдау көрсетіп келесіз. Құрылтай депутаттығына үміткерлер арасында түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген жастар бар. Сіздің ойыңызша, олар Құрылтай жұмысына серпін бере ала ма?

– Оны көре жатармыз. Біз жастарға сенім артамыз. Оларды кезінде түрлі лауазымдарға тағайындадық. Үкіметте жоғары қызмет атқарған жастардың бәрі өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындады деп айта алмаймын. Әрине, түрлі кедергі мен себеп кезігіп жатады. Дегенмен жастарға сенім артып, жауапкершілік жүктеу керек. Онсыз болмайды. Қазақстан – демография тұрғысынан жас мемлекет. Сондықтан жастарға зор сенім артамыз. Олар да бұған дайын болуға тиіс. Әйтпесе, кезінде министр болып, Үкіметке келген соң жұмыстың берекесін кетіргендер де болды. Бұған жол бермеуіміз керек.

Юлия Магер, «Казахстанская правда» газетінің тілшісі:

– Сіз баяндамаларыңыздың бірінде азаматтардың жүріс-тұрысының жаңа мәдениеті мен жаңа қоғамдық этика қалыптастыру жөнінде айтқан едіңіз. Сіздің бастамаңызды бірқатар танымал азаматтар іліп әкетті. Көбінесе ұлттық тәлім-тәрбиеге сай ұстамды болып, адамды құрметтей білу қасиеттеріне арқа сүйеу қажет екені айтылып жүр. Өзгелерге құрмет, заң мен тәртіпті сақтау, өзіңді сыйлау және жауапкершілік таныта білу азаматтарымыздың күнделікті дағдысына айнала ма?

– Білсеңіз, бұл іске өзім бастамашы болдым. Науқан емес, нақты іске. Өйткені жастардың, егде адамдардың жүріс-тұрысына қарап, байырғы дәстүрлі құндылықтарымызға оралу қажет деген шешімге келдім. Ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйіп амандасуы, сәлемдесу барысында әйелдердің еркектерді, еркектердің әйелдерді бетінен сүюі дұрыс емес. Біздің салт-дәстүрімізде мұндай ешқашан болмаған. Әсіресе, әскери форма кигендердің, генералдардың осылай істегені көзге оғаш көрінеді. Бұл не масқара? Кеңес Одағы маршалының, Дүниежүзілік соғыста, Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткен маршалдардың осындай қылық көрсеткенін елестете аласыздар ма? Еркектер қолының ұшын ұстата салмай, қолды қаттырақ қысып амандасуы керек. Сәл жымиса ғана жеткілікті. Әрқашан солай болған. Тіпті, осы адамды көргеніңізге шын мәнінде қуанышты болсаңыз, оң қолыңызды кеудеңізге қойып амандасыңыз. Өмірде мұндай жайт жиі кездеседі. Сондықтан мен жаңа жүріс-тұрыс әдебі туралы мәселе көтердім. Жалпы, бізге тазалық, тәртіп мәдениетін дәріптеу керек. Қолымыздан келмейді деп кім айтты?! Біз де жасыл желекті жақсы көреміз. Қазір Астанада, басқа қалаларда, аудандар мен облыстық маңызы бар шаһарларда оң өзгерістерге куә болып жүрсіздер. Біз өңір басшыларына жоғары талап қойдық. Осы іспен түпкілікті айналысамыз. Өйткені тазалық дегенді тура мағынасында ғана емес, ой-сананың, жан дүниенің тазалығы деп түсінген жөн. Белгілі тұлғалардың бірі айтқандай, ой тазалығы бой тазалығымен де ұштасқаны жөн. Яғни біз мәдениетті, таза ұлтқа айналуымыз керек. Сонда ғана күллі әлемге таныламыз.

Айсұлтан Құлшыманов, Tengrinews ақпарат агенттігінің тілшісі:

– Сіз жасанды интеллектіні Қазақстанның жаңа экономикалық моделінің негізі деп атадыңыз. Биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Межелі міндеттер орындалып жатыр ма? Цифрландыру мен жасанды интеллектінің күнделікті өмірге әсеріне қандай баға бересіз?

– Өте орынды сұрақ. Өйткені, 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Жолдауда осы тақырыпты қозғаймын. Біз цифрлық мемлекет құрудың, яғни цифрлық қызметтер ұсына алатын мемлекет болудың алғашқы кезеңінен өттік. Өзге елдермен салыстырғанда өміріміз әлдеқайда жеңілдеді. Мұны өздеріңіз де көріп, байқап жүрсіздер. Қазір көп шаруаны үйден шықпай-ақ шеше аласыздар. Бұрын мұның бәрін реттеуге уақыт жұмсап, табан тоздыруға тура келетін. Сондықтан цифрлық сервис көрсететін мемлекет ретінде қалыптасу қажет болды. Қазір келесі кезеңге қадам бастық. Үкіметке алғашқы сатыда қалып қоймай, халықаралық келіссөздер жүргізу жөнінде тапсырма бердім. Цифрландыру мен жасанды интеллект халыққа, еліміздің барша азаматына қызмет етуі керек. Қарапайым тілмен айтқанда, смартфон – ермек үшін ұстап, ертеден кешке дейін TikTok-қа телміретін құрал емес. Смартфонмен ақша табуға болады. Мәселені осылай төтесінен қойған жөн. Әсіресе, бұл шаруаларға керек. Олар ауыл-аймақтан шықпай-ақ кәсібін жүргізуге заманауи технологияны пайдалана алады. Алдағы уақытта Үкімет дәл осы міндетті орындайды.