Қызылордада 18 жасқа толған 18 студент бір мезгілде дауыс берді. Бұл көпшілік назарын аударған ерекше сәт болды. Бұл жастар бір мектептің түлектері. Бүгінде барлығы жоғары оқу орнында оқиды. Олар қаладағы нөмірі 353-ші сайлау учаскесіне бірге келді. Өз таңдауларын қатар жасады. Жастардың айтуынша, алғашқы дауыс беру - жай ғана сайлау рәсімі емес. Бұл өз таңдауына жауапкершілікпен қарап, елдің қоғамдық өміріне араласудың бастамасы.
Ақниет Әбдірахман, қала тұрғыны:
-Бүгін мен үшін ерекше күн. 18 жасқа толып, алғаш рет сайлауға қатысудамын. Бұл мен үшін үлкен азаматтық парыз деп қабылдаймын. Құрылтай ел үшін маңызды мәселелер де талқыланатын және де қоғамның пікірін алдыға салатын, ескеретін алаң деп ойлаймын. Және де бүгін мен өз дауысымды бергеніме қуаныштымын.
Айзере Нағашыбайқызы, қала тұрғыны:
-Бүгін мен үшін ерекше күн, 18 жасқа толу арқылы мен сайлауда өз алғашқы дауысымды жасадым. Дауыс беру арқылы жастар өз болашағы үшін алғашқы қадам деп білемін. Және де алғашқы дауысым болашағыма жасаған алғашқы қадам.