Қарағанды облысында 758 мыңнан астам азамат дауыс беру құқығына ие. Сайлаушылар тізіміндегі 6 мыңнан астам адам ерекше қажеттілігі бар азаматтар қатарында. Олардың кедергісіз дауыс беруі үшін сайлау учаскелері арнайы жабдықтармен қамтылған. Бұл туралы бізге осы өңірдегі тілшіміз Руслан Нұрланұлы кеңірек баяндап береді.
Біз тұрған нөмірі 16-шы сайлау учаскесінде дауыс беру қалыпты жүріп жатыр. Мұнда ерекше қажеттілігі бар 13 адам дауыс берушілер тізімінде. Оларға қолайлы болу үшін көтергіш құрылғы, дауыс беруге арналған арнайы кабина, тактильді навигация және дыбыстық ақпараттандырғыш қойылған. Есту қабілеті бұзылған сайлаушылар үшін портативті индукциялық жүйе қолданылады. Ол есту аппаратымен бірге жұмыс істейді. Соның арқасында сайлау комиссиясы мүшесінің сөзін тікелей естіп, сұрағына жауап ала алады.
Жалпы Қарағанды облысында 639 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның төртеуі өндіріс орындары мен вахталық кентте жаңадан құрылған учаскелер. Ал дауыс беру барысын сайлау комиссияларының 4 мыңнан астам мүшесі мен қоғамдық байқаушылар қадағалап отыр.