Елімізде бірпалаталы Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтіп жатыр. Мемлекет басшысы Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520-шы сайлау учаскесінде дауыс берді. Одан соң Президент отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған брифинг өткізді.
Сағыныш Әбікей, тілші:
- Бүгінгі тәулік – тәуелсіз Қазақстанның саяси жылнамасына алтын әріптермен таңбаланатын тарихи күн. Елімізде алғаш рет жаңа Конституция аясында бірпалаталы Құрылтай депутаттарының жалпыхалықтық сайлауы өтіп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы Тәуелсіздік сарайында өз таңдауын жасап, дауыс берді.
Бұл осында келген сайлаушыларды былай қойғанда, комиссия мүшелері үшін де тосынсый.
Гүлмира Жұмақаева, қалалық №520 сайлау учаскесінің комиссия мүшесі:
Президент таңдауын жасап болған соң тілшілермен тілдесіп, саяси реформалармен қатар өзге өзекті мәселелерге қатысты сұрақтарға жауап берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Шын мәнінде, бүгін – еліміз үшін тарихи күн. Тұңғыш рет бірпалаталы Құрылтай сайлауын өткізіп отырмыз. Бұл – маңызды тарихи оқиға. Біз біртұтас ел болып, ауқымды реформалар жүргізіп жатырмыз. Дегенмен алдымызда тұрған жұмыс ауқымды, мақсатымыз маңызды деп айтуға болады. Бүгінгі сайлау – осы жұмыстың бастауы ғана.
Мемлекет басшысы Конституциялық реформалар жыл соңына дейін, тіпті келесі жылы да жалғасатынын мәлімдеген болатын. Қазір Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесі іске кірісіп, Вице-Президент лауазымы тағайындалғаннан кейін елде қандай өзгерістер күтіп тұр? Бұл Президентке сұрақ.
- Жұрттың бәрі Вице-Президент лауазымы туралы сұрап жатыр. Расында, бұл – айтулы өзгеріс. Біз Конституциямызға жаңа лауазымды әдейі енгіздік. Бұл лауазым аса қажет деп айтсақ, қателеспейміз. Себебі қазіргі бұлыңғыр заманда мұндай лауазым елімізге өте қажет. Келесі аптада немесе 10 күн ішінде Вице-Президент кім екені мәлім болады. Мен оны қазір анық айта алмаймын. Ол белгілі, сіздер жақсы білетін адам болады деп ойлаймын.
Мемлекет басшысымен кездесудің сәтін әлбетте әріптестер барынша пайдалануда. Өткір сұрақтар да жоқ емес. Әңгіме Президенттің келесі мерзімге сайлану құқығы һақында. Есте болса, жаңа Ата Заң күшіне енгеннен Конституциялық сот 2029 жылы Президент лауазымына қайта сайлануға құқығы екенін түсіндірген еді. Шыны керек, бұл мәселе елді елең еткізген еді.
Тамара Вааль, «Vlast.kz» тілшісі:
- Сіз өз құқыңызды пайдаланып, 2029 жылғы Президент сайлауына түсуді жоспарлап отырсыз ба? Президент сайлауы 2029 жылы өте ме, әлде кезектен тыс сайлау болуы мүмкін бе?
- Конституциялық сот осындай шешім қабылдады. Әлбетте, заң жүзінде менің қайта сайлануға құқығым бар. Бірақ алдағы уақытта сайлау өткізуге және оған қатысатыным немесе қатыспайтыным туралы сөз қозғауға әлі ерте. Әрине, әлемдегі жағдайға баса назар аударуымыз, жан-жақты талдауымыз қажет. Өздеріңіз білесіздер, геосаяси ахуал күрделі. Бұралаң жолмен жүргенімізге қарамастан, ел ішінде бейбітшілікті сақтап, дамуға қарай бет алып келеміз. Экономикалық өсім анық байқалады. Мұны негізгі халықаралық қаржы институттарының бағасы да растады. Алдағы уақытта тағы жолығармыз. Бәлкім, келесі жылы... Сол кезде сізге нақты жауап беремін.
Рауль Ғабитов, 24KZ телеарнасының тілшісі:
- Сіздің ойыңызша, жаңа заң шығарушы орган бірінші кезекте қандай заңдарды қабылдайды? Құрылтай депутаты қандай қасиетке ие болуы керек? Оның сайлаушылар алдындағы жауапкершілігі қандай?
- Құрылтай сайлауына үлкен үміт артамын. Еліміздің дамуына тың серпін береді деп санаймын. Жаңа тұлғалар мен жаңа идеялар пайда болды. Жастардың ой-пікірін еркін жеткізуін, мемлекетіміздің қалыптасуына үлес қосуын әрдайым қолдаймын. Депутаттар ең алдымен, заңның сапасына жауап береді деп сенемін. Екіншіден, олар берген уәделерін немесе бағдарламаларын орындауға тиіс. Үшіншіден, ел дамуына ықпал ететін заңдар қабылдануы керек. Қазір заман күрделі. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Сондықтан туған елімізді озық, заманауи мемлекетке айналдыру жолында күш-жігерімізді біріктіру керек.
Президент сайлау өткен соң Үкіметтің отставкаға кету мәселесіне де тоқталды. Айтуынша, министрлер кабинетінің қазіргі арқалаған жүгі ауыр, бірақ отставакаға кетеді. Бірақатар өзгерістер болмақ. Бірақ олардың жұмысына алаңдайтын, не сын айтатын негіз жоқ деп шегеледі.
540-шы учаске ашыла сала 500-ден астам елордалық келіп дауыс берген. Елордалық Нұржан Русланұлы әулетімен сайлауларға тұрақты қатысып келеді. Айтуларынша, азаматтық парыз аса маңызды. Оның үстіне Мемлекет басшысын көрудің сәті түскен екен.
Журналистермен жүздесуінде Мемлекет басшысы сайлау науқанының барысы, партиялар арасындағы бәсекелестіктің өскенін атап өтті. Айтуынша, еліміз қазір тың өзгерістер мен реформалар табалдырығында тұр. Яғни сайлау өтті, іс бітті деген сөз емес. Келешек көркеюге сұранып тұр. Демек Президент айтпақшы қызу жұмыс әлі алда.
Сағыныш Әбікей, Айдос Меделбеков