Сайлаудан кейінгі Қазақстан: Құрылтай қандай өзгеріс әкеледі?

  • 11
  • 24.08.2026, 19:33

Енді саяси додаға түскен 7 партия сайлау қорытындысы бойынша иеленген мандат санына қарай депутаттыққа іріктелген тізімдерін ұсынады. Осыдан кейін депутаттар тіркеуден өтеді. Сайлау нәтижесіне қатысты дау болса, оны белгіленген тәртіппен Конституциялық Сот қарай алады. Әзірге ондай дау туындаған жоқ. Бүгін еліміздегі түрлі сала мамандары, халықаралық сарапшылар бір алаңда бас қосып, сайлау нәтижесін талқылады. Сайлаудан кейінгі Қазақстан қандай болмақ?

Жақында Құрылтайдың бірінші сессиясы шақырылады. Президент оны сайлау қорытындысы жарияланған күннен бастап 30 күннен кешіктірмей шақыруға тиіс. Бірінші сессияда төраға сайланғанға дейін отырысты Орталық сайлау комиссиясының төрағасы жүргізеді. Алдын ала қорытынды бойынша, жеті партияның бесеуі Құрылтай құрамына енеді. 145 орынға 545 кандидаттың бақ сынауы да саяси бәсекенің жоғары екенін көрсетсе керек. Бүгінгі жиында сарапшылар бір палаталы Парламенттің құрылу барысы мен азаматтардың сайлауға қатысу белсенділігін жоғары бағалады.

Жандос Шаймарданов, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры:

- Бұл жағдайда бір палаталы Парламентте құжаттарды қарайтын депутаттардың жауапкершілігі артатын болады. Енді депутаттар заң шығару жобасына белсенді қатысады. Оларда нақты жауапкершілік пайда болады, комитеттер саны артады. Мұның да ұтымды тұсы көп.  

Вице-президенттің тағайындалуына да аз қалды. Бірақ оған Құрылтайдың келісімі керек. Бірінші шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде Президент Вице-Президентті тағайындауы керек. Ел ішіндегі мұндай өзгерістер мен сайлау процесіне шетелдік сарапшылар да пікір білдірді. 

Доменико Пальмиери, Isia бас хатшысы / Италия/ :

- Менің ойымша дұрыс шешім болды. Мен Италиядан келдім. Біздің елде қос палаталы Парламент жүйесі бар. Алайда бір палаталы жүйемен жұмыс істеу әлдеқайда тиімді. Парламент құрамындағы 145 депутатпен жұмыс істеу де оңтайлы деп есептеймін. Италияда 600 парламентарий бар. Сондықтан дауыс беру және шешім қабылдау үдерісі көп уақыт алады. Қазақстанның бір палаталы Парламент жүйесіне көшуі елдің саяси өмірін тиімді басқаруға мүмкіндік береді деп ойлаймын.

Төлеген  Күнәділов, «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясы» РҚБ жетекшісі:

-Сайлау өте жоғары деңгейде өтті. Сайлау комиссиясының жұмысы белгіленген тәртіп бойынша орындалды. Ешқандай да, мысалы мынау науқанның ашық, әділ өтуіне күмән келтіретін заң бұзушылықтар, оған әсер ететін заң бұзушылықтар орын алған жоқ. Бұны біздің байқаушыларымыз өздері мәлімдемеде жасап отырды. Былай айтқан кезде, бәрі заң аясында өтті деп есептеуге толық негіз бар.

Бірпалаталы Парламентте депутаттардың заң шығару саласындағы жауапкершілігі күшеймек. Сарапшылар заң жобаларын үш оқылымда қарау олардың мазмұнын терең талдауға мүмкіндік береді деген байламға келді. Осылайша, енді Жаңа министрлер кабинеті жасақталады. Бірінші шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде Конституциялық соттың төрағасы мен судьялары тағайындалуға тиіс.

Құрлай Жұмахан, Айдос Меделбеков