Көлік саласы цифрланады: жаңа технологиялар не береді?

  • 7
  • 24.08.2026, 19:35

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Президенттің көлік саласын цифрландыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты. Көлік министрлігінің Ахуалдық орталығында Премьер-министрге автожол, теміржол және авиация салаларында енгізіліп жатқан заманауи шешімдер мен IT-әзірлемелер көрсетілді. Тың технологиялардың салаға және ең бастысы жолаушыларға қандай пайдасы бар?

Еліміздің жол саласында осы жазда E-Joldar атты автомобиль жолдарын бақылау жүйесі іске қосылды. «Жаңа жүйе жолдардың жай-күйін, материалдардың сапасын, сондай-ақ, жөндеу шығындарын бақылауға мүмкіндік береді», - дейді сала мамандары. Қазір республикалық маңызы бар 41 мың шақырымнан астам жол цифрландырылған. Жыл соңына дейін ұзындығы 185 мың шақырым болатын еліміздің барлық жол желісін осы жүйемен қамту жоспарланып отыр.

Серік Имашев, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК бас директоры:

-«Е-Жолдар жүйесі «Қазавтожол», «ҚазЖол» ғылыми-зерттеу институты және «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» секілді бас-аяғы 12 компанияның басын біріктіріп отыр. Мұнда тіпті, жол салуға қолданылатын қиыршық тас пен асфальттың да қайдан келгені, мердігердің кім екені бәрі көрсетіліп тұрады. Жүйе келешекте одан әрі жетілдіріледі.

Ал Smart Cargo платформасы «бір терезе» қағидаты бойынша халықаралық жүк ағындарын онлайн қадағалауды қамтамасыз етеді. Ол 58 ақпараттық жүйенің деректерін біріктірген. Ол арқылы жүктің қайда келе жатқанын толық қарап отыруға болады. Жүйе тауарлардың шекарадан өту жылдамдығын 30 пайыз арттыруға және тасымалдаушылардың кезекте тұру уақытын 10 есе қысқартуға мүмкіндік берген.

Думан Сембаев, IT компанияның бас директоры:

-Қазақстанның орны жүк тасымалында өте айрықша. Біздің ел Қытай, Ресей және оңтүстік көршілерімізбен жол саласында ынтымақтастық орнатқан. Смарт-карго жүйесі мемлекетке экспорт, импорт және транзиттік жүктің бәрін көріп отыруға мүмкіндік береді.

Көлік министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда саланың жалпы өнімі 3 есе өсіп, 14 трлн теңгеден асқан. Теміржол арқылы транзит көлемі 33 млн тоннаға жетсе, авто тасымалдың көлемі 3 есе артты. Цифрландыруды одан әрі дамыту арқылы алдағы үш жылда министрлік транзит көлемін 77 млн тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Әуежайларда да цифрландыру қарқынды. Қазір елдің әуе қақпаларында Q-Gate атты терминалдар орнатылған. Олар жолаушыларды бет биометриясы мен төлқұжаты арқылы бір минутқа жетпей тексеріп, өткізе алады. Бұл әдеттегі кедендік бақылаудан 4-5 есе жылдам.

Думан Сембаев, IT компанияның бас директоры:

-Бүгінде осындай 54 терминал еліміздің 11 әуежайындағы шекара өткізу пунктінде қойылған. Ал 2028 жылға қарай тағы 200-ден астамы орнатылады. Бұл ұзын-сонар кезектен арылуға мүмкіндік береді. Ал келешекте паспорттың өзімен емес, Егов QR-ы арқылы өтуге болады. Пилоттық жоба биыл қыркүйек айынан басталады».

Сондай-ақ QazETA, яғни «шетелдіктерге арналған e-Gov» платформасы енгізілген. Ол визасыз туристерге елге кіруден 72 сағат бұрын онлайн түрде электрондық рұқсат құжатын ресімдеуге мүмкіндік береді. Жаңашылдықтардың бәрімен танысқан Премьер-министр көлік саласын цифрландырудың маңыздылығына тоқталып, жауаптыларға бірқатар тапсырма берді. Әсіресе, бүгін таныстырылған жаңа жобалар ел бойынша жаппай енгізілуі тиіс.

Дамир Берікұлы