Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының арнайы жұмыс тобына төрағалық ете отырып, барлық процестердің ашықтығын арттыру, цифрландыру және біріздендіру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп келеді. Бұл туралы біздің ел Үкіметінің басшысы Олжас Бектенов Душанбеде өткен жиында мәлімдеді. Премьер-министр Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкімет басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Алқалы жиында ұйым қызметін жетілдіру шеңберінде сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланысты дамыту мәселелері талқыланды. Олжас Бектенов өзара сауданы кеңейту, көлік-логистикалық инфрақұрылым мен цифрлық байланысты дамыту қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын енгізу жөніндегі нақты шараларға тоқталды. Қазақстанның цифрлық экономиканы дамытудағы тәжірибесін атады. Сонымен қатар 2035 жылға дейінгі Көлік байланысы стратегиясында бірыңғай көлік жүйесін қалыптастырудың негізгі бағдарларын айқындауды ұсынды.