Республика күні Республика күні

Президент Ақтоғай мыс балқыту зауытының құрылысын бастау рәсіміне қатысты

  • 3
  • 20.10.2026, 21:50

Президент бұл — ел экономикасының өркендеуіне тың серпін беретін аса маңызды жобаның бірі деп атады. Жаңа кәсіпорын жылына 300 мың катодты мыс шығарады. Бұл ішкі нарықтың сұранысын толық қамтамасыз етуге жетеді. Осы зауыт іске қосылған соң Қазақстан жоғары сапалы тазартылған мыс өндіретін жетекші елдердің ондығына кіре алады. Кәсіпорында кен байытудан бастап одан дайын металл шығаруға дейінгі толық өндірістік цикл қарастырылған. 2030 жылы алғашқы мыс катодын алу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, алтын, күміс және басқа да ілеспе өнімдер шығарылады. Жобаны KAZ Minerals тобы жүзеге асырады. Ал қытайлық NFC компаниясы – инженерлік серіктес. Телекөпір барысында Абай облысының әкімі Берік Уәли, KAZ Minerals тобы директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачук, China Nonferrous Metal Mining Group директорлар кеңесінің төрағасы Вэнь Ган сөз сөйледі. Жалпы елімізде 9 жарым мыңнан астам кен орны бар. Жылына шамамен 160 млн тонна кен өндіріледі. 3 жарым млн тоннаға жуық мыс концентраты шығарылады. Былтыр өңдеу саласындағы жалпы өнім көлемі 60 млрд долларға жетті. Соңғы үш жылда 540 индустриялық жоба іске қосылып, 50 мың адам тұрақты жұмысқа орналасты.    

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Озық шешімдер кәсіпорынның өнімділігін арттырып, еңбек қауіпсіздігін күшейтуге, апаттардың алдын алуға мүмкіндік береді. Жақында өткен AI & Digital Bridge форумында мен Үкіметтің алдына нақты міндет қойдым. Зауыт салу барысында осы мәселені ескерген жөн. Ең алдымен құрылыс жұмысын сапалы жүргізіп, уақтылы аяқтау қажет. Осы бірегей жобаны жүзеге асыруға белсене атсалысып жатқан барша азаматқа, қытайлық серіктестерімізге шынайы ризашылығымды білдіремін. Ақтоғай мыс өңдеу кешені Қазақстанның өнеркәсіптегі әлеуетін арттыра түсуге зор үлес қосады деп сенемін.