Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Мемлекет басшысы ұсталған ұлттық компания басшыларына қатысты мәлімдеме жасады

Мемлекет басшысы ұсталған ұлттық компания басшыларына қатысты мәлімдеме жасады
  • 0
  • 13.11.2026, 15:00

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшыларының ұсталуына байланысты мәлімдеме жасады. 

«Кеше еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ұсталғаны туралы мәлімет таратты. Ашығын айтқанда, бұл – мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай.

Жалпы заң бойынша тергеу мәселелерін жариялауға немесе ашып көрсетуге болмайды. Оның үстіне тергеу жұмысы да енді басталды.

Алайда қазірдің өзінде мына нәрсені анық айтуға болады: бұл – біз «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын жариялап, оны Конституциямызда мемлекеттік басқару мен қоғам өмірінің басты қағидаты ретінде бекіткелі бері біртұтас жүйеге кіретін мемлекеттік компанияларда болып тұрған сыбайлас жемқорлыққа қатысты алғашқы ірі іс.

Еліміздің Конституциясы 15 наурызда жалпыұлттық референдум кезінде бірауыздан қабылданды, 1 шілде күні заңды күшіне енді. Осылайша, мемлекетіміздің бас құжаты әділетті түрде «Халық Конституциясы» деп аталды.

Конституцияның ережелері мен баптарын бұзуға, халқымыздың осы қасиетті құжатын келемеж жасауға, кемсітушілік көрсетуге ешкімнің де хақы жоқ».

Президент Конституцияның негізгі ережелерін сақтамағандар «Заң мен Тәртіп» қағидатына сәйкес қатаң жазаланатынын айтты

«Конституция – мемлекетіміздің негізгі заңы, бұл – халқымыздың құқықтық төлқұжаты. Сондықтан Конституцияны күлкі қылу, оның негізгі ережелерін менсінбеу халқымызды кемсітумен бірдей. Ондай әрекет жасағандар «Заң мен Тәртіп» қағидатына сәйкес қатаң түрде жазаға тартылатын болады.

Мәселе мемлекетіміздің абыройы, қоғамның ұлттық институттарға деген сенімі, Қазақстанның халықаралық беделі туралы болғанда біз, халық билік ету өкілдігін берген тұлғалар, ұлт мүддесін қорғау жолында аянбай еңбек етуіміз керек, сол үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Бұл – азаматтық және саяси борышымыз.

«Самұрық-Қазына» қоры еліміздің стратегиялық активтерін басқарады, ауқымды инвестициялық жобаларды жүзеге асырады, аса ірі шетелдік компаниялармен және халықаралық қаржы институттарымен тығыз байланыста жұмыс істейді.

Түптеп келгенде, кез келген келісімнің, серіктестіктің артында ұзақ жылдар бойы жасалатын көптеген келіссөздер, соның ішінде халықаралық қауымдастықтың елімізге деген үлкен сенімі мен мемлекетімізге жүктелген нақты міндеттер тұрады».