Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беріледі

  • 0
  • 19.11.2026, 18:08

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беріледі. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шешімін Астанада өтіп жатқан Стратегиялық әріптестердің III форумы барысында мәлімдеді. Президент жаһандық жиында елдің зияткерлік амбициясы туралы да айтты, ол – Қазақстанды Орталық Азияның академиялық хабына айналдыру.

Сағыныш Әбікей, тілші:

– Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы ашылды, ал елдегі шетелдік студенттер саны 41 мыңға жетті. Дегенмен халықаралық әріптестіктің мұндай ауқымы білім сапасының артқанын білдірмейді. Ең маңыздысы – бірлескен білім беру бағдарламалары арқылы еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлау. Форумда көп талқыланған тақырыптың бірі осы болды.

Зияткерлік қуат, инновациялық қабілет. Қазір кез келген елді алға сүйрейтін екі мықты осы болып тұр. Қазақстан өз азаматтарының сапалы білім алып, ғылыммен алаңсыз айналысуына жағдай жасап келеді және жасай да бермек. Ғылымның игілігін көрмек керек, кәдеге жарату ләзім. Президент: «Ғылым саласы ауқымды өзгерістерге дайын болуы керек», - деді. Себебі «үлкен құрылысқа» білікті мамандар қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жалпы ауқымды құрылыс жүргізу, цифрлық экономика құру, логистика инфрақұрылымын дамыту, жасанды интеллектіні барлық салаға енгізу – ұлтымыздың болашаққа ұмтылысын айқындайтын аса маңызды міндеттер. Бұл жұмыстың бәрін сапалы орындау үшін ең алдымен, кәсіби даярлығы жоғары, білікті мамандар, тіпті, жаңа мамандық иелері қажет болады. Демек «Халықтық құрылыс» жоғары білім жүйесіне де зор жауапкершілік жүктейді. Ғылым саласы бұл ауқымды өзгерістерге толық дайын болуы керек деп санаймын.

Қазір Қазақстанда 132 университет бар. Онда 800 мыңнан астам студент білім алып жүр. Соңғы жеті жылда білім беру гранттарына бөлінетін қаржы екі есе өсіп, 3,4 миллиард долларға жеткен. 281 жатақхана салынды. Ғылымды қаржыландыру көлемі 590 миллион долларға жетті. Ендігі стратегиялық міндет – Қазақстанды Орталық Азиядағы академиялық хабқа айналдыру. Ол үшін ірі қалалардың ғылыми әлеуетін күшейткен абзал.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Шымкенттің ғылым және білім саласындағы әлеуетін күшейте түсуіміз қажет. Мен халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылдадым. Әуезов университеті – аймақтағы ең ірі жоғары оқу орны. Шаһардағы әрбір бесінші студент осы университетте оқиды. Ұлттық мәртебе білім ордасымен қатар құзырлы министрлікке де зор жауапкершілік жүктейді. Сондықтан Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті сапалы білімнің, терең ғылымның ошағы, аймақтың зияткерлік орталығы болуға тиіс.

Бүгінде елімізде 11 мемлекеттің жетекші университеттері өз филиалдарын ашқан. Бұл білім ордаларында 12 мыңнан астам студент оқиды. Шетелдік университеттерде 1,5 мыңға жуық оқытушы жұмыс істейді. Олардың 600-ден астамы – шетелдік профессорлар.

Унал Угур, Гази университетінің ректоры:

– Қазақстан – біз үшін ерекше ел. Өйткені ортақ мәдениетіміз, ортақ өткеніміз бен тарихымыз бар. Осы тұрғыдан алғанда, Түркияның тарихи мұрағаттарында да Қазақстанның орны айрықша. Біздің Гази университетінің 100 жылдық тарихы бар. Біз Қазақстанда білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтарды жүзеге асыруды бастадық. Оқыту бағдарламаларын ағылшын тілінде жүргізу, білім беру модельдерін жаңарту және оларды әлемдік білім кеңістігіне бейімдеу бағытында жұмыс істеп жатырмыз.

Білім мен ғылым саласындағы халықаралық байланыс бағытында Қазақстан 40 келісімді іске асырып жатыр. Бұл қоржын тағы бір келісіммен толықты. Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы университеті Қазақстандағы өңірлік зерттеу хабын ашу туралы келісімге қол қойды.

Тшилидзе Марвала, БҰҰ Университетінің ректоры, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары:

– Қазақстанда БҰҰ Университетінің жаңа институтын ашуды жоспарлап отырмыз. Онда экономикалық, саяси және технологиялық мәселелер зерттеледі. Бұл – жасанды интеллект әлемді түбегейлі өзгертіп жатқан қазіргі кезеңде аса маңызды бағыт. Оның экономикаға, адамзат қауіпсіздігіне және әл-ауқатқа әсерін зерделейміз.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

– Кайс университетінің кампусының құрылысы басталады. Бұл Алатау қаласында, жаңа қалада үлкен зерттеуші кампус ашылатын болады, соның құрылысы басталады. Кардов университетінің құрылысы басталып кетті, үлкен жиырма гектарлық Астанада келесі жылы бірінші кезеңі тапсырылатын болады. Бұл жерде маңызды жаңалық: енді медицина және биомедицина саласында тұңғыш шетелдік медициналық зерттеуші университет кіретін болады. Енді Кардтың негізінде және жасанды интеллект магистрлік бағдарламасы ашылады.

Президент халықаралық ұйымдар мен жетекші шетелдік университеттер басшыларымен жеке де кездесті. Әңгіменің өзегі сол. Ұлттың зияткерлік қарымы мен қабілетін ашу, Қазақстанды Орталық Азиядағы академиялық орталыққа айналдыру. Абайша айтқанда: «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз»...

Сағыныш Әбікей, Айдос Меделбеков, Айдос Ентебеков