Үкімет шектеу шараларын 2 тамызға дейін ұзартты
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылы 10 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау бойынша шаралар қаралды.
ҚР Денсаулық сақтау министрі А.Цой, Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов, Ұлттық банк төрағасы Е.Досаев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов, Қаржы министрі Е.Жамаубаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетов, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А.Жұмағалиев, Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев, Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А.Мырзахметов баяндама жасады.
«Қатаң карантиндік шектеу шараларының екінші аптасы өтіп жатыр. Аурудың таралу қарқыны тұрақталуда. Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша, эпидемиологиялық ахуалды одан әрі тұрақтандыру үшін елде шектеу шараларын тағы 2 аптаға, 20 шілдеден бастап 2 тамызға дейін ұзарту туралы шешімді қабылдап отырмыз», — деп Үкімет басшысы карантиндік талаптарды қатаң сақтауға шақырды және орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге карантинді одан әрі сақтаудың барлық шараларын іске асыруды тапсырды.
А.Мамин дәрі-дәрмектің қажетті қоры бар екенін, әрі үнемі толықтырылып отыратынын атап айтты. Бұл ретте оларды дәріхана желілері мен стационарларға нақты бөлу бойынша барлық шараларды қамтамасыз ету қажет. Атырау және Маңғыстау облыстарында эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін қосымша тиісінше 102 және 56 жоғары білікті маман жіберілді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шектеу шаралары кезеңінде табысынан айрылуы бойынша әлеуметтік жәрдемақы – ең төменгі жалақы мөлшеріндегі 42 500 теңгені бір айға төлеу туралы шешім қабылдап отырмыз. Төлем карантин шараларының күшейтілуіне байланысты жұмысы шектелген жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың өтінімі негізінде жүргізіледі», — деді А. Мамин.
Үкімет басшысы төтенше жағдай кезіндегідей, азаматтардың жекелеген санаттарына (бұл – 1 миллионнан астам адам) азық-түлік өнімдерін алуға ақшалай көмек беруді жалғастыруды, осы жылғы үшінші тоқсанға атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауды қолда бар деректер негізінде (128 мыңға жуық отбасы) алдын ала жүргізуді, сондай-ақ мүгедектігін қайта куәландыру мерзімі карантин кезеңіне тап келген адамдардың (шамамен 30 мың адам) мүгедектігін үш айға автоматты түрде ұзартуды тапсырды.
Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша білім, цифрландыру министрліктеріне және әкімдіктерге ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап, жаңа оқу жылының бірінші тоқсанында орта білім беру ұйымдарының қашықтан оқытуға дайындығын қамтамасыз ету тапсырылды. Сонымен қатар, қажет болған жағдайда және бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарының жазбаша өтініші бойынша, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, «кезекші» сыныптардың жұмысы қамтамасыз етілетін болады.
Премьер-Министр әлеуметтік-экономикалық ахуалдың нашарлауы жағдайына халық пен бизнесті қолдау бойынша қосымша іс-қимыл жоспарын дайындауды тапсырды. Бұл ретте бюджет қаражатын тиімді жұмсап, инфляция деңгейін 8-8,5% деңгейінде ұстауды қамтамасыз ететін ақша-несие саясатын жүргізу қажеттігі аталды.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне әкімдіктермен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, тауарларды сатып алу және құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде жергілікті қамту үлесін ұлғайту, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінің жобаларын іске асыруды кеңейту туралы тапсырма берілді.
«Ауыл шаруашылығы министрлігіне осы аптаның соңына дейін Жер реформасы жөніндегі комиссияны құру туралы шешім жобасын енгізуді тапсырамын. Комиссия жер ресурстарын одан әрі пайдалану бойынша нақты ұсыныстар дайындауы қажет», — деді А.Мамин.
Үкімет басшысы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ә.Смайыловқа Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелерін пысықтап, екі апта мерзімде шешім жобасын енгізуді тапсырды.
Әкімдіктерге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын тиімді іске асыруды қамтамасыз ету және тұрақты жұмыс орындарын құру санын ұлғайту жүктелді.
ҚР Премьер-Министрі Мемлекет басшысы қойған міндеттердің барлығы нақты орындалуы тиіс екенін атап айтты. «Әрбір басшы олардың іске асырылуына жеке жауапты болады», — деді А. Мамин.