Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар мемлекетінің Әмірімен телефон арқылы сөйлесті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар мемлекетінің Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Танимен телефон арқылы сөйлесіп, байланыстарды бекемдей түсу жайын талқылады. Қазақстан Президенті Қатар Әміріне COVID-19 індетіне қарсы күресте елімізге қажетті құрал-жабдықтар түрінде көрсетілген гуманитарлық көмек үшін алғысын білдіріп, бұл қадамды шынайы достықтың көрінісі деп бағалайтынын жеткізді. Әңгіме барысында Мемлекет басшылары банк, қаржы, көлік, логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, туризм салалары мен басқа да бағыттар бойынша ауқымды жобаларды жүзеге асыруға келісті. Сұхбатты қорытындылай келе, Қатар мемлекетінің Әмірі Қасым-Жомарт Тоқаевтың келесі жылы Қазақстанға сапармен келу жөніндегі шақыруын қабыл алды.