Nur Otan партиясы Саяси кеңесі бюросының отырысы өтті
Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен партияның Саяси кеңесі бюросының отырысы өтті. Отырыс барысында Елбасы өткен бес жылдың ішінде партия өзінің сайлауалды уәделерінің басым бөлігін жүзеге асырды деді.
Пандемия кезеңіне және соған байланысты әлемдік экономиканың 4,4% құлдырауына қарамастан, тиімді жұмыс пен Ұлттық қор қаржысының арқасында жағдайдың нашарлауына жол берілген жоқ. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев соңғы уақытта партия жұмысын қайта жандандыру бойынша жүйелі жұмыс атқарылғанын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Біз алғаш рет праймериз өткіздік. Соның нәтижесінде аудан, қала және облыс деңгейіндегі іріктеулерден өткен 77 кандидат Саяси кеңестің шешімімен Съезге ұсынылып отыр. Праймериз тәртібіне сәйкес, қалған 49 кандидатты орталық квота бойынша партиялық тізімге қосу жөнінде шешім қабылдаймыз. Халықтың қатысуымен 216 өңірлік сайлауалды бағдарлама жан-жақты талқыланып, қабылданды. Онда жұртшылық тарапынан келіп түскен 17 мыңнан астам ұсыныс ескерілді7
Жиын барысында Елбасы праймеризге қатысушылардың және жеңімпаздардың сапалық құрамына жеке тоқталды. Қатысушылардың үштен бір бөлігі партиялық тізімге енгендердің әрбір бесіншісі – жастар. Ал партиялық тізімнің 30% – әйел.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Сонымен бірге партия тізімдерінде көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, бизнес өкілдері, жұмысшылар мен қызметкерлер бар. Праймеризге қатысқан партияның әрбір үшінші жаңа мүшесі жеңіске жетті. Осылайша біз Nur Otan партиясының жұмысын жүйелі түрде қайта жандандыруды аяқтадық.