Коммунистер партия атауын өзгертіп, кредиттік амнистияны талап етпек
Бұндай шешімді ұйым мүшелері кезектен тыс өткен съезд барысында қолдады.
Келмеске кеткен Кеңес үкіметінің коммунизмін емес, халық арасындағы әлеуметтік сұрақтарды көтеріп, түйткілді мәселелерге назар аударып жүрген партия ребрендинг жасауды ұйғарды. Бүгінгі 15-ші кезектен тыс съезд барысында саяси ұйымның атауы өзгертілді. Бүгіннен бастап «Қазақстан коммунистік халық партиясы» «Қазақстанның халықтық партиясына» айналды.
Жамбыл Ахметбеков, Қазақстанның халықтық партиясының мүшесі:
– Біздің партия жаңа партия болса да, бұрынғы коммунистік идеология кезіндегі ашаршылыққа ұшырау, репрессияға ұшырау тағы да болсын келеңсіздіктердің барлығын біздің партияның мойнына алып барып жатыр. Ал бірақ ол дұрыс емес және бұл мәселені біз қалай шешу керектігін ойластыра отырып, бір жылдың ішінде осындай біз шешімге келдік.
«Қазақстанның халықтық партиясының» төрағасы болып Айқын Қоңыров сайланды. Ендігі мақсат – саяси ұйым қатарына жастарды көптеп тарту. Қазір оған 100 мыңнан астам қазақстандық мүшелік етеді.
Өйткені қазіргі экономикалық дағдарыс жастарға қатты әсерін тигізіп жатыр. «Олардың дамуына мемлекет тиімді бағдарлама ұсына алмауда», – дейді партия төрағасы Айқын Қоңыров.
Айқын Қоңыров, Қазақстанның халықтық партиясының төрағасы:
– Жалпы біздің сайлуалды бағдарламамыз қарапайым халықтың әлеуметтік мүддесін қорғауға бағытталатын болады. Қазір пандемия кезінде кредиттік амнистия аса қажет. Өйткені шектеу шараларына байланысты көптеген азаматтар несиелерін төлей алмай, қиын жағдайға тап болды. Ол объективті себеп. Үкімет осындай нашар жағдай жасағандықтан, оны мойындап, халықтың көзіне тік қарап, біздің кесірімізден азаматтар төлей алмай қалған кредиттерге амнистия жасау қажет деп есептейміз. Және осыны талап ететін боламыз.
Алда болатын саяси науқанда партия бәсекелестікті оңай еңсереміз деп күтеді. Қарашының 23-і күні Қазақстанның халықтық партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырып, төменгі палатадағы депутаттық орынға үміткер кандидаттардың есімдерін жарияламақ.
Авторлары: Риат Шони, Айбын Құсанбеков