Соңғы 5 жылда Nur Otan партиясына 1,2 млн адам жүгінген
Онда ұйымдастыру мәселелері мен партияның соңғы 5 жылдағы жұмысы қорытындыланды. Осы уақыт ішінде партияға 1 млн 200 мың адам жүгініпті. Оның 30%-і өтінішін онлайн түрде жолдаған.
Nur Otan партиясы әлеуметтік топтардың мәселелерін шешуді басты бағыт ретінде ұстанады. Ол үшін арнайы жобалар жасалған. Мәселен, «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек» тізім осылай жалғаса береді. Осы жобалар аясында денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау мекемелеріне мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде ерекше қажеттіліктері бар 40 мыңға азамат жұмысқа орналастырылып, 24 мыңнан аса нысан соған бейімделді.
Бауыржан Байбек, Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары:
– 5 жыл ішінде партияға шамамен 1,2 миллион адам жүгінді. Өтініштердің 92%-і бойынша оң шешім қабылданды. Нұротандық депутаттар, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары 180 мыңға жуық қабылдау өткізіп, 340 мыңнан астам азаматты қабылдады.
Жалпы елдік маңызға ие қай істі болмасын партия өз назарында ұстауға тырысады. Өткен бес жылда түрлі қызметтті жетілдіру бойынша 800-ден астам ұсыным әзірленген.
Бақытжан Жұмағұлов, Nur Otan партиясы саяси кеңесінің мүшесі:
– «Нұр Отан» партиясы өзінің жұмысына жаңа формат енгізді. Тұңғыш рет праймериз өткізіліп жатыр. Праймеризге он мыңнан астам адам қатысты. Үміткерлерге дауыс беруге 700 мыңға жуық «Нұр Отан» партиясының мүшелері қатысқаны баршамызды қуантады. Мұның бәрі Тұңғыш Президент Елбасы Назарбаевтың жетекшілігімен жүзеге асты.
Саяси кеңес отырысының қорытындысы бойынша праймериздің жеңімпаздары енген Мәжіліске арналған партиялық тізім, сондай-ақ ұйымның кезектен тыс XX съезінің күн тәртібі бекітілді.
Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы