ҚР Президенті бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады
Франция, Солтүстік Македония, Пәкістан және Украина республикаларының атынан іске кіріскен олар мемлекетаралық байланысты одан әрі тереңдетуге ниетті. Өз елдерінің Қазақстанмен арадағы алыс-берісін арттыруға құлшыныстарын танытты. Мемлекет басшысы елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық қызметтерінің ресми түрде басталуымен құттықтап, игі миссияларына табыс тіледі. Екітараптық қатынасты дамытуға, тың серпін береріне сенім білдірді.
Төрт елдің әлеуеті әрқилы болғанымен, оларды Қазақстанмен байланыстыратын себеп көп. Мәселен, Франция – Қазақстанның Еуропалық одақ аясындағы негізгі серіктесінің бірі. Қазіргі уақытта Қазақстанда француз капиталының қатысуымен 160-тан астам компания жұмыс істейді. Соңғы жылдары Қазақстан экономикасына салынған француз инвестициясының көлемі артып келеді.
Ал Украинамен арадағы ежелден келе жатқан тарихи тамырластық бар. Саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға екі ел де ниетті.
Солтүстік Македония Республикасымен арадағы дипломатиялық қатынастың орнағанына биыл 25 жыл толса, Пәкістанмен арадағы ынтымақтастықты дамыту да бүгінгі күні өз жалғасын табуда. Ал Қазақстанның БҰҰ-ның жұмысына белсенді қатысуы еліміздің көпжақты дипломатиясының басты бағыттарының бірі болып саналады.
Дидье Канесс, Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі:
- Франция Қазақстанның көпжақты саясатын және Еуропалық одақпен арадағы байланысты нығайтуға деген ұмтылысын қолдайды. Біз үшін Қазақстанның Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтаудағы рөлі маңызды. Сондай-ақ осы аймақтағы басты эконмикалық серіктесіміз. Біздің мәдениет пен білім саласындағы байланысымыз да жанданып келеді.
Сали Лимани, Солтүстік Македония Республикасының Қазақстандағы елшісі:
- Қазақстан секілді мәдениеті, тарихы бай елмен арадағы байланысты нығайтуға өз үлесімді қосу – мен үшін үлкен мәртебе. Алдағы уақытта достығымыз жалғаса береді деп ойлаймын. Солтүстік Македония Қазақстанды елдегі тұрақтылығы үшін құрмет тұтады. Екітараптық қарым-қатынасты кеңейтіп, көпжақты байланыс орнату үшін бар күш жігерімді саламын.