Қастерлі құндылық: Қ. Тоқаев Қазақстан жұртын Тәуелсіздік күнімен құттықтады
Кез келген ұлт үшін бұдан артық ұлық мереке жоқ. Ұлықтауға да болар еді, бірақ жаһанды жалмаған індеттің кесірінен шектелуге мәжбүрміз. Себебі қазақстандықтардың денсаулығы мен өмірі аса маңызды.
Дегенмен мұнымен мейрамның мәртебесі ортаймайды. Өткен үш онжылдықта қазақстандықтардың жүріп өткен жетістік жолы алдағы төртінші онжылдыққа жалғасуы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, экономикалық қуатты, әлеуметті әділ, ашық әрі прогрессивті қазақстандық қоғам құру жолында бір болуға шақырды.
Қазақ отызды «орда бұзар» деп атайды. Бабына келіп, батыр болып қол, шешен болып сөз бастайтын жас. Ал тұтас мемлекет үшін кемеліне келетін кезең. Өткен күн – тарих. Тағылымы зор тарих. «Сол тарихтың астарында әрбір қазақстандықтың еңбегі, жаңа әрі мықты мемлекет құруға деген тілегі жатыр», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Егемен еліміздің өміріндегі тағы бір мерейлі белес жақындап келеді. Біз қастерлі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басамыз. Бұл – баршамызға ортақ өнегелі өлшем, тағылымды кезең. Жаңа мемлекет құруға атсалысқан бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің тарихи шежіресі. Сондықтан мен келесі жылды «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жарияладым.
Ұлық мерекені қалай ұлықтаса да жарасар еді. Бірақ тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойын мейлінше шектеулі форматта қарсы алайын деп тұрмыз. Бір жыл бойы біз індетпен күрестік. Жақындарымыз бен жақсыларымызды жоғалттық. Бірақ ең бастысы, келер күнге деген сенім жоғалған жоқ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Халқымыз жанашырлық пен қамқорлықтың, ұйымшылдық пен береке-бірліктің озық үлгісін көрсетті. Волонтерлер қозғалысы жалпыұлттық сипатқа ие болды. Дәрігерлер мен мұғалімдердің, тәртіп сақшылары мен әскери қызметшілердің күнделікті өміріміздегі маңызды рөлін айқын сезіндік. Қауіпті дертпен күрестің тиімді жүйесі, ең алдымен, солардың табанды еңбегінің арқасында қалыптасты. Елімізде карантин және төтенше жағдай режимі уақтылы енгізілді. Эпидемияға қарсы кешенді іс-шаралар үшін 350 млрд теңгеден астам қаржы бөлдік.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік постқа келгелі көздеген бір міндеті болса, ол – әлеуметтік әділдік орнату. Ол үшін нақты істер де атқарылды. 4 млн қазақстандықтың зейнетақысы мен жәрдемақысы көбейді. Пандемия тұсында 4,5 млн қазақстандық мемлекеттен қаржылай көмек алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Азаматтарға 42 500 теңге көлемінде тікелей төлемдер жасалды. 4,5 млн-нан астам азамат мемлекеттен қаржылай көмек алды. Несиелер бойынша жасалған жеңілдік шамамен 1 млн 900 мың қазақстандықты дефолтқа ұшыраудан сақтады. Сонымен қатар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы да маңызды тұрақтандырушы рөлді атқарды. Әлеуметтік, коммуналдық және көлік инфрақұрылымының 6,5 мыңнан астам жобасын іске асыруға 1 трлн теңге жұмсалды. Келер жылы тағы 400 млрд теңге бөлеміз. Әлеуметтік жаңғырту аясында біз гуманитарлық мамандық иелерінің мәртебесін арттыруға баса назар аудардық. Мәдениет және өнер саласы өкілдерінің жалақысы 50%, дәрігерлердікі 30%, мұғалімдердікі 25% өсті.
Алуа Жолдыбалина, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бөлім басшысы:
- Біздің халық біріге білді, біздің халық бірлесе білді. Біздің халық үлкен шыдамдылық таныта білді. Яғни халықтың да, мемлекеттің де тарапынан үлкен қолдау болды.
Биылғы жыл билік пен қоғам жақындасқан жыл болды. Ол үшін арнайы ұсынылған алаң, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төрт отырысы өтіп, тоғыз заң қабылданды. Сол кеңестің мүшесі Максим Споткайдың сөзінше, нақты істердің уақыты енді келді.
Максим Споткай, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Келесі жыл – тәуелсіздігіміздің мерейтойы. Бірақ той тойлау үшін емес, шынымен де ой ойлау үшін, нақты істерді жүзеге асыру үшін, жобаларды жүзеге асыратын нағыз мереке. Белгілі бір қазақстандықтардың отбасыларының, топтарының өмір сапасын арттыру үшін нақты жобаларды іске асыруымыз қажет.
Қазақстандық саяси эшелон биыл жаңарды, жасарды. Басшылардың жаңа буынын дайындауға баса мән берілді. Президенттік кадр резервіндегі жастардың жартысынан көбі қазірдің өзінде жауапты қызметтерге тағайындалды.
Айгүл Сәдуақасова, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары:
- Адами капиталдың дамуына назар аудару қажет. Соның кезі жетті. Жаңа егеменді жастарымыз бар. Жаңа ғылым, білім алып келген жас ғалымдарымыз бар. Алда жаңа белестер тұр.
Біз өткерген үш онжылдықтың өз еншісі бар. Ал алдағы төртінші онжылдықта бізді жаңа міндеттер күтіп тұр.
Тұрсынхан Зәкенұлы, тарих ғылымдарының докторы, жазушы:
- Күлтегін бабамыз аз халықты көп қылу, кедей халықты бай қылу үшін күн отырмай, түн ұйықтамай, мәңгілік ел құруды армандаған еді. 30 жыл, үш онжылдық та үлкен табыстарға толы болды, келесі он жылдық Қазақстанның дәуірленуінің жылы болады деді. Біз оған кәміл сенеміз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қажырлы еңбегімен жаңа Қазақстанды өркендетуге атсалысып жүрген барлық азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін. Халқымыз індетті бірге еңсеріп, біртұтас ұлт ретінде бірлігін нығайта түседі деп сенемін. Бәріміздің мақсатымыз – ортақ, міндетіміз – бір. Қасиетті Отанымыздың мерейі әрдайым үстем болсын! Баршаңызға толағай табыс тілеймін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы бола берсін!
Кез келген адамның арманы болуы керек секілді, кез келген мемлекеттің мұраты да болуы тиіс. Ал мұратқа жету үшін Президент айтқандай мақсат – ортақ, міндетіміз – бір болмағы шарт.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Болотбек Табалдиев, Ерзат Зайытхан, Гүлнәр Әміренова