Асқар Мамин Үкімет басшысы болып тағайындалды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Асқар Маминнің Үкіметін отставкаға жіберу туралы Жарлыққа қол қойды. Конституциялық Заңға сәйкес, жаңа құрам жасақталғанға дейін Премьер-министр де, министрлер де өз міндетін атқара береді. Бірақ түс ауа Мемлекет басшысы саяси партия фракцияларының жетекшілерімен кездесіп, Үкімет басшысы лауазымына ұсынылатын кандидатураны талқылады. Аталған орынтаққа Асқар Ұзақбайұлын лайық санайтынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Білікті басшы, әсіресе дағдарыс кезінде өз қызметін ойдағыдай атқарды. Арыстағы жарылыс кезінде, Мақтаралды су басқан уақытта, пандемияға қарсы күресте өзін тек жақсы жағынан көрсете білді. Еңбекқор, талапшыл. Сондықтан осы кандидатураны ұсынамын.
Ұсынысты Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттардың көпшілігі қолдады. Нақтырақ айтсақ, қатысқан 99 депутаттың 78-і жақтап, 21-і қалыс қалды. Енді Премьер-Министр 10 күн мерзім ішінде Үкіметтің құрылымы мен құрамы туралы Республика Президентіне ұсыныс білдіруі тиіс.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:
– Ең алдымен маған көрсеткен сенімдеріңізге алғыс айтамын. Бұл мен үшін зор мәртебе, үлкен жауапкершілік. Алдымызда мақсат-міндеттер қойылған. Осы стратегиялық міндеттерді іске асыруда Үкімет Парламентпен бірге үйлесімді әрі нәтижелі жұмыс жасайтын болады.