Мемлекет басшысы Парламенттің 1-сессиясы ашылуында бірқатар саяси бастама жариялады
Ол азаматтық қоғамның, сарапшылардың, Ұлттық кеңес мүшелерінің қатысуымен әзірленді. Елорда төрінде сарапшылар бас қосып, осы бастамалардың бағытын жан-жақты талқылады.
Саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін жетіден, 5% төмендету, сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» тетігін енгізу, ауыл әкімдерін сайлау, жастар индексі мен омбудсмен тақырыбы әңгімеге арқау болды. Айтпақшы, омбудсмен туралы заңды қабылдамас бұрын оның мағынасын халық түсінуі тиіс. Мамандар осылай дейді. Расымен, бұл сөздің мазмұны қандай, заң жобасы қоғамға қаншалықты пайда әкеледі?
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Омбудсмен – азаматтың құқығы мен бостандығын заң жүзінде қорғайтын адам. Жалпы омбудсмен институты әр елде әртүрлі аталғанымен, атқарылатын жұмысы бір. Мұндай адам құқығын қорғайтын ұлттық институт біздің мемлекетті қосқанда әлемнің 140 елінде бар. Біздің елдегі омбудсмен институтының әлеуеті әлсіз. Сондықтан оның жұмыс қарқынын үдете түсу үшін арнаулы заң қабылдануы тиіс. Президент осылай деді. Себебі аймақтарда жергілікті биліктің үстінен түсетін арыз-шағым көп. Осыны есепке алған Мемлекет басшысы алдымен өңірлердегі омбудсмен институтын күшейту қажет екенін айтты. Бұл бастаманы заң саласында тер төгіп жүрген мамандар да толық қолдап отыр.
Марат Башимов, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Сол үшін Президенттің ұсынысы маңызды болды. Өйткені БҰҰ өздерінің шешімдерінде осы институт қалай құрылу керек екенін айтып кеткен. Соны біздің Президент көтеріп отыр. Енді дәл солай қабылдап, азаматтардың конституциялық құқықтарын жоғары деңгейге көтеру керек деген ой бар. Сонда адам құқықтарын қорғайтын мемлекет боламыз деп үміттенемін.
Мемлекет өркениетке бет бұрған сайын бұзылатын құқықтың да саны едәуір артады. Бұл – қалыпты құбылыс. Мамандар пікірі осыған саяды. Бұл ретте қазақстандықтардың әлеуметтік құқықтары жиі тапталады екен. Олар сотқа, мемлекеттік органдарға жүгінуден тартыншақтайды. Себеп сол, уақыт тапшылығы және бармақ басты көз қысты әрекеттерге жол беріле ме деп қорқады. Ал омбудсмендердің жұмысы лезде жүргізіледі әрі олар адам құқығын қорғау барысында ешкімнің әміріне бойұсынбайды.
Эльвира Әзімова, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі:
- Тәуелсіздік негізінде омбудсмен жұмысы – ең басты қағидат. Ол ешқандай мемлекеттік органға, сотқа, прпокуратураға бағынбайды. Тек қана Парламент пен Президент осы омбудсменді тағайындау жағынан нақты заң қабылдайды.
Яғни шығарылатын қорытынды, ел азаматтары өз құқығын қорғау кезінде белсенділік танытқаны жөн. Сонда ғана омбудсменнің жұмысы ширай түседі. Бұдан басқа Президент көппартиялы Парламент қалыптастырғысы келетінін жеткізді. Яғни бұрын Мәжілістің табалдырығын аттау үшін кемі 7% дауыс жинау керек болса, енді бұл шек 5% төмендетіледі. Түсінікті болу үшін бір ғана мысал келтірейік. «Ауыл» партиясы осы сайлауда 5,29% дауыс жинап, әрі қарай өте алмады. Ал келесі сайлауда осындай дауыс жинаса, партия мүшелері заң шығарушы палатадан орын алады. Айтып өтейік, бір ғана мысалдың басқа да партияларға қатысы бар.
Төлеутай Рақымбеков, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Біз өткен сайлауда 5,29% дауыс жинадық. Әрине 5% дейінгі заң нақты енгізіліп қабылданса, келесі сайлауда біздің мүмкіншілігіміз әлдеқайда жоғарылайды. Парламенттің қабырғасында пікірталас, ұсыныстар, мүмкін қарама-қайшы пікірталас болуы керек. Бұл – қоғам. Бұл – біздің келешегіміз.
Айтылғанның бәрі – келесі сайлаудың қамы. Олай дейтін себебіміз, ел азаматтары енді елдегі ешқандай саяси ұйымға дауыс бермесе де болады. Яғни науқан кезінде тартысқа түскен партиялардың сайлауалды бағдарламасы көңілге қонымсыз болса, тұрғындар сайлау бюллетеньдеріндегі «бәріне қарсы» деген тетікті таңдай алады.
Президент көтерген тағы бір бастама «Жастар индексі» деп аталады. Елімізде бүгінде 3 млн 700 мыңнан астам жас болса, оның 1 млн 600 мыңы ауылда тұрады. Тасада қалған таланттарды танытуға осы бағыттың берері көп. Қаламен қатар ауыл жастарының әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Ауыл демекші, Президент ауыл әкімдерін жергілікті жұрт өзі таңдайтынын айтты. Демек, енді әкімнің орын тағына халықтың сеніміне ие болған жандар ғана жайғаса алады. Жалпы Мемлекет басшысы көтерген осы сынды бастамаларға қоғам белсенділері оң бағасын берді. Қолдайтындарын жеткізді.