Мемлекеттік кірістер органының қызметкерлері пара алуға мәжбүр
Өйткені былтыр бюджетке қосымша 25 млрд теңге қаржы түскен екен. Дегенмен мемлекеттік кіріс органдарының қызметкерлері жемқорлыққа тәуелді көрінеді.
Риат Шони, тілші:
- «Алтын көрсе, періште жолдан таяр». Мемлекеттік кірістер органының қызметкерлері пара алуға мәжбүр. Себебі олардың жалақысы төмен. Дәл осындай аргументті бүгін сала министрі Ерұлан Жамаубаевтың өзі айтты. Сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін ведомство өз қызметкерлерінің жалақысын арттырмақ. Сондай-ақ кластық шендерді енгізіп, сала қызметкерлерін бірыңғай формада киіндірмек. Осылайша, саладағы жемқорлықты азайтамыз деп сенеді министр.
Қаңтардың соңында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы өткен жылы салықтық және кедендік түсімдер 47% төмендеп кетті десе де, сала басшысы жемісті жұмыс атқардық деп баяндады. Былтыр мемлекеттік кірістер органдары 11.4 мың салықтық тексеру жүргізген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 58% төмен, дегенмен тиімділігі 29% артқан. Кедендік тексерулердің тиімділігі артып, бюджетке қосымша 25 млрд теңге қаржы түсіруге мүмкіндік берді.
Тағы бір жаңашылдық жеке кәсіпкерлерге қатысты болмақ. Енді елде жеке бизнесті тіркеу мен жабу қазіргіден де жеңілдей түспек.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:
- Бизнесті қолдау үшін өткен жылы 700 мыңнан аса заңды тұлға мен жеке кәсіпкерге ауқымды салықтық ынталандыру шаралары көрсетілді. Қазіргі кезде микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий жалғасып жатыр және арнайы салық режимдерін қолданатын шағын және орта бизнес субъектілері табыс салығынан босатылды. Бұл шаралар кәсіпкерлердің үш жылда шамамен 400 млрд теңгеге өз бизнесін кеңейту мен дамытуға жұмсауына мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында цифрлық тәсілдерге сүйеніп, салықтық әкімшілендіруді түбегейлі жұмсарту бойынша ұсыныстар дайындауды тапсырды. Ұсынылған өзгерістер 500 мыңдай жалдамалы жұмыскерді ресми жұмыспен қамтуға, еңбекақы төлеу қорының жүктемесін азайтуға, салық міндеттемелерін орындауға және ел экономикасына жаңа инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.
Риат Шони, тілші:
- Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптылығына қол жеткізуі тиіс. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы. Дамыған елдер секілді бізде де баламалы энергия көздері пайдаланылуы тиіс. Бұл саланың қазіргі жай-күйін Үкімет отырысында энергетика министрі Нұрлан Ноғаев баяндады. Оның айтуынша, былтыр электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі 3% үлесі толық орындалды. Ендігі меже – 2025 жылы 6% дейін жеткізу. Қазіргі таңда елде 116 жаңартылатын энергия көзінің нысаны жұмыс істеп тұр. Былтыр бұл станциялар өндірген энергия көлемі 3.24 млрд килловатқа жетті. 2050 жылға қарай жалпы қолданыстағы энергияның тең жартысы баламалы энергия көздерінен алынуы тиіс.
Осы ретте Үкімет басшысы Асқар Мамин энергетика министрлігі мен KEGOC компаниясына аймақтарда жаңартылатын энергия көздерінің өңірлік аймақтарын құруды тапсырды.
Авторлары: Риат Шони, Азамат Сәметов