Президентке сенім грамоталары тапсырылды
Сенім грамоталарын Латвия Республикасының елшісі Ирина Мангуле, Түрікменстан елшісі Батыр Реджепов және Таиланд Корольдігінің елшісі Чатчаван Сакорнсин табыстады. Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссияның ресми түрде басталуымен құттықтап, олардың мол тәжірибесі мен кәсіби біліктілігі, достас халықтың әртүрлі салалар бойынша жақындаса түсуіне ықпал етеді деп сенетінін жеткізді. Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігі мен Үкімет тарапынан елшілердің игілікті миссиясын орындауға, толық қолдау әрі көмек көрсетілетінін айтты. Салтанатты рәсім соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Латвия Президенті Эгилс Левитске, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовке және Таиланд Королі Маха Вачиралонгкорнға жүрекжарды сәлемі мен игі тілегін жолдады. Шетелдік елшілер Президентке өз елдері мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты, одан әрі нығайтуға бар күш-жігерін жұмылдыратындарын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Құрметті Батыр Дурдымұратұлы, Түрікменстан ықылым заманнан бері Қазақстанның тату көршісі әрі бауырлас ел екенін атап өткім келеді. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде екі мемлекет те шынайы стратегиялық әріптестік қатынас орнатты. Біз «Каспий бестігі», Аралды құтқару жөніндегі халықаралық қор және Экономикалық ынтымақтастық ұйымы аясындағы бірлескен жұмыстардан зор үміт күтеміз. Бұл ретте Түрікменстан көшбасшысы Гурбангулы Бердімұхамедовтің Каспий саммитін Ашхабадта өткізу жөніндегі ұсынысын қолдайтынымызды жеткізгім келеді. Біз барлық бағыт бойынша екіжақты кооперацияны ұлғайтуға мүдделіміз. Күш-жігерімізді біріктіре отырып, жақын арада екіжақты сауда айналымын айтулы межеге дейін, яғни 1 млрд долларға жеткізуге мүмкіндігіміз бар.
Ирина Мангуле, Латвия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Біздің екі жақты қарым-қатынасымыз әрі қарай да осындай достастық бағытта жалғасатын болады. Қазақстан мен Латвияның дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына шамамен 30 жыл болды. Біздің әріптестігіміздің дәлелі ретінде былтыр Латвияда Қазақстан елшілігінің ашылғанын айта аламын.
Батыр Реджепов, Түркіменстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Біздің қазіргі саяси қарым-қатынасымызды айтар болсам, ол жоғары деңгейде. Жаһандағы тұрақсыздыққа қарамаста, елдеріміз арасындағы байланыс үзілген емес. Мемлекет басшылары әрдайым телефон арқылы хабарласып, бір-біріне қолдау танытып отырды. Бұл әріптестікті әрі қарай да дамытуға зор мүмкіндік бар.
Чатчаван Сакорнсин, Таиланд Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Келесі жылы Қазақстан мен Таиландтың достастық қарым-қатынас орнатқанына 30 жыл болады. Елші ретінде мен және менің тобым Қазақстанмен ынтымақтастықы одан әрі нығайту үшін еңбек ететін боламыз.