Қ. Тоқаев Алматы қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңеске қатысты
Бұл құрылыс саласындағы жұмыстың мейлінше ашық болуы үшін қажет. Мәселен, сөз жүзінде қалада жер тапшы екені айтылып келсе, Бас прокуратура 4 мың гектарға жуық жердің пайдаланылмай отырғанын анықтаған. Бұл Президенттің қатысуымен өткен Алматы қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте көтерілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев шаһар басшысына бос жердің бәрін экономикалық айналымға енгізу керек екенін тапсырды. Ол картада айқын белгіленуі тиіс және Қоғамдық кеңестің қатаң бақылауында болады. Ал қаладағы Абай даңғылының құрылысына қосымша тағы да 2 млрд теңге сұрап отырған қала басшылығы Президенттің сынына ілікті. Мемлекет басшысы шығынды о баста не себепті нақты жоспарламағанын айтып, ескерту жасады.
Сондай-ақ «Алтын Орда» базары жанындағы жол айрығына қажет қаржы бөлінгеніне қарамастан, құрылысы аяқсыз жатыр. Мемлекет басшысы жұмысты жыл соңына дейін бітіруді тапсырды. Соңғы 10 жылда Алматыға өзге елден келушілердің саны үш есе артыпты. Яғни ішкі туризмде оң өзгеріс бар. Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдеріне туризмді дамытудың бірлескен бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.