Жер шетелдіктерге сатылмайды, жалға да берілмейді
Жердің шетелдіктерге сатылмайтынын, тіпті жалға да берілмейтінін Мемлекет басшысы қадап айтты. Енді оны заңмен бекіту керек.
Терін төксе жеріне, жер тілеуін береді. Елімізде ауыл шаруашылығы мақсатындағы 200 млн гектардан астам жер бар. Жер шетелдіктерге сатылмайды да, жалға да берілмейді.
Президент шетелдіктерге бір телім жер берілмейтінін айтып саяси шешім қабылдап, оны заңмен бекітуді тапсырған. Мәжіліс депутаттары тиісті заң жобасын талқылауға кірісті. Жер десе, ел өре түрегеледі, Мәжіліс сол себепті жиынға халықтың атынан қоғам белсенділерін шақырды. Олар көкейде жүрген келелі кесек пікірлерін жеткізді.
Мұхтар Тайжан, қоғам қайраткері:
- Нотариус заңды келісімді тіркеген кезде заңды тұлғалардың ішінде басқа шетелдіктердің үлесі бар не жоқ екенін тексеруі керек. Ол өте күрделі процесс болады. Бұл процесс қарапайым болуы үшін заңды тұлғаның ішінде тек қана жеке тұлғалар және Қазақстанның азаматтары болуы керек.
«Жер кадастры жариялы болуы керек» деген қоғам белсендісі бұл «жеке деректер туралы» заңға қайшы емес, себебі ауыл шаруашылығы жерлерінің 99% астамы мемлекет меншігі екенін атап айтты. Жалға алушылардың, заңды тұлғалардың аты-жөні ашық болғаны абзал. Мәселе Әділет министрлігімен кеңесіп шешілетін болды. Жер заң бойынша Қазақстан азаматтары емес жандарға берілмейді, демек, азаматтық алу талаптары күшейтілуі керек. «Әлемдік тәжірибеде бір елдің азаматтығын алу үшін адамдар ең кемі 5 жыл тұрып, сол елдің тілі мен тарихы бойынша сынақ тапсыруы керек», – дейді қоғам белсенділері. Жақында Мәжіліс спикерінің бастамасымен құрылған партияаралық кеңес тәртібі аясында жұмыс тобы отырысына Парламентке енбеген партия өкілдері де қатысып, талқылауға үн қосты.
Төлеутай Рахымбеков, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы төрағасының орынбасары:
- Партияаралық кеңес құрылған соң бізді міндетті түрде шақырады. Бұл өте дұрыс деп есептеймін. «Жер дауы, жесір дауы», – деп қазақ бекер айтпаған. Жер мәселесінің маңайында дау көп. Мысалы, ауылдық елді мекендердің маңайындағы жайылым жерлер жекешелендіру кезінде бөлініп кеткен.
Асхат Рақымжанов, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы:
- Партияаралық кеңес құрылғаннан кейін бізді жер қатынастары, шетелдіктерге жерді сатуға, жалға беруді алып тастауға қатысты заң жобасын талқылау үшін жұмыс тобының отырысына шақырып отыр. Құжатты толықтай қолдаймыз.
Жұмыс тобының мүшелері қандастардың жер үлесі туралы да мәселе көтерді. Олар келе сала тек бау-бақша, саяжайға ғана кішігірім жер алуға құқылы. Ал жер үлесін иемденуге тек азаматтық алған соң ғана рұқсат. Қызу талқы барысында агроөнеркәсіптік кешенге шетелдік инвесторлар қалай жұмылдырылатыны да сұралды. Олар тек өнеркәсіптік аймақтарда қазақстандық бағбандар өсірген ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге ғана құқылы. Мәжіліс депутаттары ауыл азаматтарының сеніп тапсырған компаниялары жерді банктерге кепілдікке беріп, қарызды өтей алмай, халықты пайдасыз қалдырып отырғаны туралы мәселені де көтерді.
Асқарбек Үйсімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Банктер кепілдікке алынған жерлерге қатысты қандай шаралар қабылдап жатырсыздар? Қолданыстағы заңда осы жерлерді иелеріне қайтаруға қатысты механизм бар ма?
Рүстем Құрманов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:
- Қолданыстағы заңда жайылымдық жерлерді мемлекеттің қажеттіліктеріне әкімдіктер ала алатыны туралы норма бар. Егер әкімдік белсенді болса, сотқа беріп, Жер кодексіне сүйене отырып, банктен жерді алып қоя алады. Ал банктер: «Біз несие бердік, ақшаны кім қайтарады?», – деуі мүмкін. Әкімдік оларға: «Ол шығындар сіздерде ескерілген», – деп жауап қатуы керек. Бұл мәселелер Жер комиссиясы аясында кеңінен қаралады.
Айта кетейік, елімізде 2016 жылдан бері шетелдіктерге жерді сатып, жалға беруге тыйым салынған. Мораторий жыл соңында күшін жояды. Ал оған дейін Президент тапсырмасымен әзірленіп жатқан бұл заң қабылданатыны сөзсіз. Яғни жердің бөтен ешкімге берілмейтіні заңмен бекітілмек.
Авторы: Индира Жылқайдарова