Қ. Тоқаев Иранның Сыртқы істер министрін қабылдады
Мохаммад Джавад Зарифпен кездесу барысында Президент Иран мен Қазақстан арасындағы достыққа негізделген байланыстардың беріктігін баса айтып өтті. Иранның сыртқы саясат ведомствосының басшысы өз кезегінде Иран Президенті Хасан Руханидің сәлемі мен Наурыз мерекесіне байланысты құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ Хасан Руханидің Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты өзіне ыңғайлы уақытта Иранға ресми сапармен келуге шақырғанын нақтылады. Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты талқылап, өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Иран – Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды серіктестерінің бірі. Заман қалай құбылса да, елдеріміз арасындағы жақсы қарым-қатынас үзілген жоқ. Халықаралық ахуал өзара ынтымақтастығымыздың дамуына әсер етпеді. Біз бұл жағдайды жоғары бағалаймыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Иран Президенті Хасан Руханиға жүрекжарды сәлемімді жолдаймын. Мохаммад Джавад Зариф, Иран Ислам Республикасының сыртқы істер министрі
- Біз сіздің еліңізбен арадағы ынтымақтастықтың дамуына зор мән береміз. Қазақстанды өңірдегі жақын көршіміз әрі достас мемлекет деп санаймыз. Біз Каспий теңізі арқылы көршіміз, ал достастығымыздың тарихи тамыры да бар.