Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде кадрлық ауыс-түйіс болды
Оның орнына Бас прокурордың орынбасары қызметін атқарып келген Марат Ахметжанов жайғасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлықпен күрес кеңесінің онлайн отырысын өткізіп, жаңа басшыға жаңа міндеттер жүктеді. Агенттіктің тізгінін не себепті Ахметжановқа сеніп тапсырғанын да ашып айтты.
Желіде жаңа басшының жаңа қыры жайлы жазылып жатыр. Дзюдодан спорт шебері екен. Тек кілемдегі күрес емес, қылмыспен күресте де тәжірибесі мол. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметін 90-жылдарда бастаған. Бұған дейін Әділет министрлігінде, Бас прокуратурада басшылық лауазымдарды атқарды. Кезінде Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің де орынбасары болған.
Кезекті қызметі де оған оңай міндеттерді жүктемесі анық.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біріншіден, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды барлық деңгейде тиімді жүргізу үшін кешенді жұмыс атқару қажет. Мұндай шаралар қылмыстық қудалау әрекетімен ғана шектелмеуі керек. Ондай тәсілдің кері әсері болады. Мемлекеттік аппарат шешім қабылдаудан тартынып, бюрократияға бой алдырады және лауазымды тұлғалар жеке жауапкершілік алудан жалтарады. Агенттік жұмыс барысында жіберілетін қателіктерді қасақана жасалған қылмыстардан ажырата білуге тиіс. Сондай-ақ кінәлі адамды қылмыстың барлық құрамы болған кезде ғана жауапқа тартуы қажет.
Екінші міндет – сыбайлас жемқорлықпен күреске қоғамдағы белсенді азаматтарды тарту. Президент тапсырмасымен «Қоғамдық бақылау туралы» заң дайындалып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл құжат мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етуді көздейді. Сондай-ақ белсенді азаматтарға құқықтық бақылау құралдарын береді. Осы заң жобасының әлеуетін барынша пайдаланып, қоғамды жемқорлықпен күресуге кеңінен тарту қажет.
Президент: «Қылмыстық жолмен алынған мүлікті іздестіру және тәркілеу ісіне баса мән берген жөн», – деді. Бұл жұмысты Агенттік қаржы мониторингі органдарымен бірлесіп атқаруы керек. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасымен қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізіліп жатыр. Мұндай модель айыптаушылық ұстанымды бәсеңдетіп, қылмыстық процеске заңсыз араласуды болдырмайды. Агенттік өз қызметін осы моделге бейімдеу керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жалпы халықаралық озық тәжірибені ескеріп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларды енгізуді жалғастыра берген жөн. Қоғам, бизнес және инвесторлар сыбайлас жемқорлық қысымынан сақтайтын мықты қорған бар екенін сезінуге тиіс. Жаңа басшы Агенттік жұмысының тиімділігін одан әрі арттыра түседі деп сенемін.
Президент жаңа басшыға сенім артты, міндет жүктеді. Ал жүктелген міндет жүзеге асуымен құнды.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Дулат Ентебеков