Қ. Тоқаев: өрт салдарын жою бойынша жедел штаб жұмыс істеп жатыр
«Жамбыл облысына Қорғаныс, Төтенше жағдайлар министрлері мен Ішкі істер министрінің орынбасары барды. Жарылысқа жақын маңдағы ауылдардың тұрғындарын көшіру туралы шешім қабылданды. Облыстық ТЖ департаменті мен әскерилерден 30 шақты қызметкер жарақат алған.
Өрттің салдарын жою бойынша жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Қылмыстық іс қозғалды. ҚМ, ТЖМ, ІІМ бөлімшелерінің қызметкерлері жұмылдырылды. Теміржол байланысы уақытша тоқтатылды», - делінген жазбада.
Еске сала кетейік, 26 тамыз күні сағат 19:00 шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімде қоймалардың бірінің жанында өрт шықты. Аталмыш бөлім Тараз қаласынан шамамен 18 шақырым қашықтықта орналасқан. Өрт салдарынан белгісіз заттар жарылды. Өртті сөндіруге әскери бөлімнің шынжырлы өрт сөндіру машиналары тартылды. Оларға Жамбыл облысының ТЖД өрт сөндіру есептоптары көмектесуде.
Өрт ошағын жою жалғасуда. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталуда. Оқиға орнына министрдің орынбасары генерал-лейтенант Руслан Шпекбаевтың басшылығымен Қорғаныс министрлігінің комиссиясы жіберілді.