БҰҰ Бас Ассамблеясының пленарлық отырысы Семей полигоны жабылуының 30 жылдығына арналды
Бұл туралы БҰҰ-ның қабырғасында айтылды. Бас Ассамблеяның биылғы пленарлық отырысы Семей полигоны жабылуының 30 жылдығына арналды.
БҰҰ Бас Ассамблеясының ХІІ пленарлық отырысы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнеүндеуімен ашылды. Елбасы жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған қызметтің маңыздылығына тоқталып, халықаралық аренада антиядролық қозғалысты ілгерілету жолындағы қазақстандық дипломатияның ерекше күш-жігерін атап өтті.
Бас Ассамблеяның төрағасы Волкан Бозкыр ядролық сынақтардан зардап шеккен құрбандарды еске алып, Қазақстанның антиядролық бастамасының маңыздылығына ерекше тоқталды. Айтуынша, осыдан 30 жыл бұрын көтерілген мәселе әлі де өзектілігін жоғалтқан емес. Дәстүрлі жиынға әлемнің жүзге жуық елінен қатысқан делегация өкілдері Қазақстанның батыл қадамы маңызы терең тарихи оқиғаға айналғанын мәлімдеді.
Роберт Флойд, Ядролық сынақтарға толық тыйым салу туралы шарт ұйымының басшысы:
- Бас Ассамблеяның биылғы жиыны Қазақстан үшін ғана емес, барлық ел үшін де маңызды. Себебі Қазақстан ядролық қарусыз әлем құру жолында өте үлкен үлес қосты деуге болады. Алдағы уақытта Қазақстанның салып кеткен үлгілі бастамасын жалғастырып, ядролық сынақтарды тоқтату үшін жұмыс істейміз.
Вивиан Океке, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Нью-Йорктегі кеңсесінің басшысы:
- Әлем ядролық сынақтардан келетін зардапты түсінуі керек. Осы орайда Қазақстанның үлгісін атап өткен жөн. Өйткені Қазақ елі әлемді ядролық сынақтан азат етуге болатынын іс жүзінде дәлелдеді. Менің ойымша, бұл әрекет арқылы Қазақстан экономикалық дамуға да қол жеткізді деуге болады.
Айта кету керек, «Халықаралық ядролық қаруға қарсы іс-қимыл күні» 2009 жылы Қазақстанның бастамасымен қабылданған еді. Содан бері дәстүрге айналып, осымен 12 рет атап өтілген жиында Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Мағжан Жанботаұлы БҰҰ мүше-мемлекеттерін «Ядролық қаруға тыйым салу» туралы шартқа қосылуға шақырды.
Мағжан Ілиясов, ҚР БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі:
- Бүгінгі іс-шараның ерекше маңыздылығы Семей полигонының 30 жылдық жабылуына тұспа-тұс келіп отыр. Бұл тарихи шешім Елбасының еңбегі екенін бүгінгі жиында сөз алған көптеген делегация мүшесі де атап өтті. Сонымен қатар Семей полигонын жабу әлемдік ядролық қаруды таратпау жолына ерекше импульс бергені айтылды.
Бас Ассамблеяның пленарлық отырысынан кейін Семей ядролық полигонына арналған арнайы фото-көрме ұйымдастырылды. Аталмыш экспозицияда «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының тарихы, сол кездегі ядролық сынақтардың құрбандары мен Қазақстанның ядролық қарусыздану мен таратпау ісіне қосқан үлесі туралы фотосуреттер қойылды.
Авторы: Талғат Алманов