Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар кездесу өткізді
Кездесу барысында сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамытып, инвестиция тарту мәселесі талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев Халид Әл-Фалихтің сапары Сауд Арабиясы Корольдігінің тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Әл-Саудимен телефон арқылы болған мазмұнды әңгімелесудің жалғасы екенін атап өтті. Кейін Қазақстанға 30 жылдан бері көрсетіп келе жатқан қолдауы үшін Сауд Арабиясына ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты ілгерілету және оның мәнін тереңдете түсу үшін көптеген мүмкіндік бар екеніне сенімдіміз. Осы орайда Тақ мұрагерімен телефон арқылы әңгімелесу кезінде болашақта қолға алынатын бірқатар жобаны талқыладық. Өзара іс-қимылдарымыз тереңдей түседі. Елімізге жасаған сапарыңызға ризашылығымызды білдіреміз. Сіздің қолдауыңызбен және менің Әкімшілігімнің жұмыс жүргізуімен екіжақты байланыстарымызды шынайы ілгерілетеміз деп ойлаймын.
Халид Әл-Фалих, Сауд Арабиясы Корольдігінің Инвестиция министрі:
- Олар Қазақстанға одан әрі өркендеу мен игілік жолында қолдау көрсетуді жалғастыра беретіндерін нақтылады. Қазақстанның жүргізіп отырған реформалары мен Орталық Азиядағы көшбасшылығын, сонымен қатар 30 жыл бұрын таңдаған бірегей жолын жоғары бағалайды. Осы уақыт аралығында Қазақстанның Тұңғыш Президенті негізін қалаған сындарлы саясат өзіңіздің парасатты басшылығыңызбен жалғасып келеді.
Пандемия бауырлас елдер арасындағы байланысқа сызат түсіре алмайды. Қазақстанға ресми сапармен келген Түркия Ұлы ұлттық жиналысының төрағасы Мұстафа Шентоп Қасым-Жомарт Тоқаевтың да қабылдауында болды. Мемлекет басшысы өз сөзінде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың болашағын жоғары бағалады. Ал Мұстафа Шентоп арнайы қабылдауға уақыт тапқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдіріп, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның сәлемін жеткізді. Әлемдік пандемияға байланысты екі ел президенттері жүзбе жүз кездеспегенімен, қарым-қатынас жоғары деңгейде екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жағдай құбылмалы. Келешекте не болатынын ешкім айта алмайды. Ешкім болжай алмайды. Шын мәнінде, әлемнің болашағы құбылмалы деуге болады. Дегенмен елдеріміз арасындағы қарым-қатынас өте жақсы дамып келе жатыр. Бұл – менің әріптесім Президент Ердоғанның арқасы. Жалпы Түркияның халықаралық аренадағы беделі артып келе жатыр. Бұл – бізді қуантатын маңызды жағдай. Сондықтан екі ел арасындағы ынтымақтастықтың болашағы зор боларына күмәнім жоқ.
Мұстафа Шентоп, Түркия Ұлы ұлттық жиналысының төрағасы:
- Президент мырза, әлемдік пандемияға байланысты бетпе-бет кездесулердің біразы шектелді. Бірақ соған қарамастан екі елдің қарым-қатынасы сол баяғыдай жоғары деңгейде. Біз осы сапар барысында парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, байланысымызға жаңа серпін беруді мақсат етіп отырмыз. Қараша айында біздің елде өтетін Түркі кеңесі елдерінің саммитінде түркі әлемінің бірлігі мен ынтымақтастығы үшін бірқатар маңызды шешім қабылданады деген үміттеміз. Өзіңізді сол саммитте күтеміз.