Елордада «Тәуелсіздік ұрпақтары» республикалық жастар форумы өтті
Бұл – Тәуелсіздігіміздің отыз жылы ішінде жастар үшін жасалған жұмыстардың бір парасы. Азаттықтың алғашқы таңында өмірге келген сәбидің өзі бүгінде орда бұзар жасқа жетті.
Елбасының кешегі болашаққа үндеу ретінде жолданған «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығында да жас толқынға зор үміт артылған. Елорда төрінде өз қатарының алды, белгілі саланың үздігі атанған сол жастардың басын қосқан республикалық форум өтті. Оның күн тәртібі өткенді қорытындылап, болашаққа жоспар құруға негізделген.
Қоғамның негізгі салаларының қай-қайсысын алайық, соның басы қасында жастарды көресіз. Иә, олар белсенді, жаңалыққа жаны құмар, болдым-толдым деп бір орында тұрмайды. Өскелең ұрпақтың бойындағы қабілетті дамытуға еліміз тәуелсіздік алған алғашқы сәттерден-ақ ерекше көңіл бөлді. Мемлекеттілікті сақтап, Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету – осы ұрпаққа жүктелетін тарихи миссиясы. Жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынған Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев форум қатысушыларына бейне үндеу жолдады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұғыш президенті – Елбасы:
- Қай уақыттада тарихты өздерің сияқты жастар, білімді азаматтар жасаған. Сендерге айтарым әр кезеңнің өз қиындығы мен сынағы болады. Қазіргі күрделі ахуалды көріп отырсыңдар. Дүние мың құбылып тұр. Осынау аумалы-төкпелі заманда тек білім мен ғылым қуған ел сенімді алға басады. Осы жолдан таймаңдар!
Жас та болса, 30-ға тарта ғылыми жаңалық ашып үлгерген қазақстандықтың бірі – Тимур Рыспеков. Ғалымның ең іргелі жұмысы – мәліметтерді цифрландыру жүйесі. Оны бұзу мүмкін емес. Жиырмаға енді ғана толған отандасымызды NASA-ға жұмысқа шақырыпты. Ұсыныстан бас тартқан ол өз еліміздің ғылымын дамытуға күш салуда.
Тимур Рыспеков, жас ғалым:
- Жастардығ көбі ғылыммен айналысуды күрделі іс санайды. Керегі тек идея ғана. Кейін соны іске асыруға ұмтылыңыз. Тұрақты ізденіс, оқу, тәжрибе арқылы кез келген кедергіні еңсеруге болады.
«Қазақтың барша арман-мақсатының орындалуы тек тәуелсіз мемлекет, дербес ұлт жағдайында ғана мүмкін екенін ұмытпауымыз керек. Ендеше, табыстың кілті үздіксіз білім алу мен тынымсыз еңбек етуде деді», - Елбасы.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың стратегиялық саясатының арқасында барлық өзекті мәселе оң шешімін тапты. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы саясаттың сабақтастығын сақтай отырып, жастарды қолдайтын тың бастамаларды қолға алды. Осы орайда өздеріңіздей жас буынға үлкен сенім әрі жауапкершілік жүктеледі. Жастар – еліміздің тірегі. Тәуелсіздігіміздің болашағы сіздердің қолдарыңызда. Осы абыройлы міндетті табысты атқарасыздар деп үміттенеміз.
Білім беру сол арқылы адам капиталын дамыту елдің басым бағыты болып қала береді. Осы орайда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева әлемде баламасы жоқ болашақ бағдарламасына жеке тоқталып өтті.
Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Бағдарламаның арқасында 15 мыңнан астам жас әлемнің ең үздік университтерінде оқуға мүмкіндік алды. Бүгінде шетелде оқып келген түлектер 54% мемлекеттік органдарда, 30% жеке секторда, 16% халықаралық ұйымдар мен ұлттық компанияларда қызмет етеді.
Үмітті ақтап жүрген және болашақта одан да биік белестерді бағындыратын жастарға форум аясында «Дарын 2021» мемлекеттік жастар сыйлығы табысталды. Нұрғиса Есіркегенов «Ғылым» номинациясының иегері атанды. Ол – ұсақ бөлшектердің қозғалысын есептеу бойынша ғылыми мақалалардың авторы.
Нұрғиса Есіркегенов, «Дарын 2021» мемлекеттік жастар сыйлығының жеңімпазы:
- Біздің саламыз – іргелі математика саласы. Жақында жаңа нәтиже байқадық. Біз екі түрлі саланың басын қосумен айналысамыз.
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы тек ғылымға арналмаған. Тізімде «Қоғамдық қызмет», «Спорт», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Эстрада» жалпы саны он номинация бар.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Мұхаметәли Тилдебаев