Елбасы мен Президент ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысты
Шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, ұлттың бай мұрасына, терең тарихына тоқталды. Қазақстандықтарды мерейлі мерекемен құттықтай отырып, осыдан отыз жыл бұрын бабалар арманын ақиқатқа айналдырғанымызды тілге тиек етті.
Қазақ үшін «Туың тұғырдан түспесін» дегеннен асқан тілек жоқ. Өйткені оны көкте желбірету – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Әлемде ұлтарақтай жері, тәуелсіздігі, төл рәмізі жоқ қаншама ұлт бар. Ал қазақтың маңдайына өз мемлекетін құру бақыты жазылды. Бұл – халықтың елдік жолындағы жан қияр күресі мен күрделі сәтте жұдырықтай жұмыла білуінің арқасы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бостандық жолында қаншама батырларымыз құрбан болды. Қаншама қиын күндер басымыздан өтті. Бұланты, Орбұлақ және Аңырақай шайқастары – осының айқын дәлелі. Қазақтың елдік жолындағы ерлігі отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық қозғалыстарда айқын көрінді. Алаш арыстары дербес мемлекет құру үшін жанын пида етті. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ел азаматтары майдан даласында ерлікпен шайқасты. Кеңес заманында зиялыларымыз тіліміз бен ділімізді сақтап қалу үшін аянбай еңбек етті. Кешегі Желтоқсан қаһармандары Тәуелсіздікті бір табан жақындатқаны анық.
Жаңа геосаяси ахуалда мемлекет құру оңай шаруа емес, нағыз көшбасшының ғана қолынан келетін іс. Ең күрделі, бұлыңғыр кезеңде ел тізгінін Елбасы қолға алды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы:
- Осыдан отыз жыл бұрын Тұңғыш Президент ретінде қызметіме кірісер алдындағы салтанатта маған халқымыздың абыз ақсақалы Шәкір Әбенов дана бабалар дәстүрімен:
Тар асу, тайғанақ жол, кер белесте,
Ел тізгінін нық ұстар сен емес пе?!
Халқың сүйген перзенті бол дейтұғын,
Қарт атаң тоқсан бірде мен емес пе?!
– деп ақ батасын берген болатын. Батаға қоса, халықтың келешекке деген үміті мен арман-тілегін жеткізіп, аманат жүктегені әлі есімде. Өзім басшылық еткен отыз жылға жуық уақыт бойы мен халқымның сенімінен шығуға бар күш-жігерімді жұмсап, саналы ғұмырымды ел игілігі үшін аянбай қызмет етуге арнадым. Еңбегім ақталды деп ойлаймын.
Қазақстан Орталық Азияның көшін бастап, ТМД елдерінің төріне жайғасты. Алпауыт елдермен үзеңгі қағыстырып, озық мемлекеттермен тең дәрежеде ынтымақтастық орнатты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы:
- Жыл алыбы Жамбыл бабамыз кезінде «Жамбыл менің жай атым, халық – менің шын атым» деген екен. Бүгінде еңбегімді елеген ел-жұртым мені өзінің атына ортақтастырып, Елбасы деген атақ берді. Ең қиын да күрделі шешімдер қабылдар сәттерде мен әрдайым қалың еліме, қара орман халқыма арқа сүйедім. Маған әрдайым сенім артып, барлық бастамаларыма қолдау көрсеттіңіздер. Сол үшін баршаңызға тағы да рақмет!
Орда бұзар жасқа жеткен мемлекеттің осы 30 жылы – тұтас дәуірге бергісіз мерзім. Президент оны үш белеске балады. «Әр онжылдық ғасырдың жүгін арқалап тұр», – деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Алғашқы онжылдық – жаңа Қазақстанның негізін қалау кезеңі. Осы жылдарда мемлекеттік нышандарымыз белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты. Төл теңгеміз айналымға қосылды. Айбынды Армиямыз құрылды. Ата заңымыз қабылданды. Ана тілімізге «мемлекеттік тіл» мәртебесі берілді. Ата дініміз оралып, салт-дәстүріміз жаңғыртылды. Бірлігіміздің бастауы болған Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Әлем елдерімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды. Қазақстан беделді халықаралық ұйымдарға мүше болып қабылданды. Стратегиялық даму бағдарымыз айқындалды. Шекара мәселесін заң тұрғысынан шегендеу үрдісі басталды. Қасиетті жеріміз атом қаруынан тазартылды. Елордамыз Есілдің бойына көшірілді.
Ал екінші онжылдық – Қазақ елінің өрлеу кезеңі. Керегесі кеңейіп, тұғыры нығайған мемлекет халықтың әл-ауқатын арттыруға көңіл бөле бастады. Көптеген халықаралық бастамаларды көтерді. Елге қомақты инвестиция әкелді. Рухани мұрамызды жаңғырттық. Ал үшінші онжылдық Қазақстанның кемелдену кезеңі іспетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Осы уақытта абырой-беделі артқан мерейлі мемлекетке айналдық. Шекара мәселесін біржола шештік. 2050 жылға дейінгі стратегиямызды қабылдап, дамыған елдердің қатарына қосылуды межеледік. «Рухани жаңғыру» арқылы ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруды қолға алдық. Тұтас түркінің алтын бесігі атанған Түркістанды түлеттік. Саяси реформаларды тың қарқынмен жалғастырдық. Халқымыздың саны 19 миллионнан асты. Осылайша, Қазақстан тұғыры берік, мықты мемлекет болды.
Елдегі ауқымды реформалардың нәтижесінде отандық экономиканың көлемі 2,5 есеге артты. Қазақстанға 370 млрд доллардан астам тікелей шетел инвестициясы тартылды. 13 мың шақырым автомобиль жолы мен 2,5 мың темір жол салынып, жаңғыртылды. Аумағы 180 млн шаршы метр үй салынды. Балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 10 есе өсті. Тәуелсіздік кезеңінде 1800-ден астам мектеп салынды. 21 Назарбаев зияткерлік мектебі ашылды. Біз кадр дайындаудың жаңа тәсіліне көштік. Ғылым саласын дамытуға арналған қаржы көлемі бірнеше есе артты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Тарихи уақыт өлшемімен қарағанда 30 жыл деген – қас-қағым сәт. Ал өткен оқиғалар тұрғысынан бағаласақ, ғасырларға татитын мерзім. Қазақстан халқы үшін бұл – азаттық жылнамасының тұтас дәуірі. Жарқын болашағымызға жол салған ұлы жетістіктер кезеңі. Енді Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басқалы тұрмыз. Бұл кезең бізге жаңа міндеттер жүктейді. Мемлекеттігімізді одан әрі нығайтып, халқымыздың әл-ауқатын арттыра түсуіміз керек. Сондықтан барлық саладағы реформаны жалғастыра береміз.
Тәуелсіздіктің ендігі жылнамасын жазу заманауи біліммен қаруланған бүгінгі жас толқынның қолында. Отыз жылдық бақытты одан әрі баянды ету де солардың еншісінде.
Авторы: Шынар Асанқызы