Қ. Тоқаев азаптау фактілерінен хабардар ма?
Әсіресе талдықорғандық Азамат Батырбаевтың қалай азапталғаны, тіпті арқасынан үтік басылғаны жұрт арасында біраз толқу тудырғаны рас. Ал осы жайттардан Президент қаншалықты хабардар?
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл мәселе жөнінде жақсы білемін. Кейбір азаматтарымыз менің атыма бейнеүндеу жазып, әлеуметтік желілерде таратып жатыр. Мен Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға тапсырма бердім. Шаш ал десе, бас алатын әрекеттерге жол беруге болмайды.
Мемлекет басшысы бүгінде құрамында белгілі құқық қорғаушылар бар қоғамдық комиссия тыңғылықты жұмыс істеп жатқанын, олардың жұмысына ешкімнің кедергі келтірмейтінін де айтып өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Азимова, белгілі құқық қорғаушылар Айман Омарова, Жеміс Тұрмағамбетова, Абзал Құспанов және басқа да заңгерлер жиналып арнайы комиссиялар құрды. Олар әр істің заңдылығын қарап жатыр. Оларға сенімсіздік көрсетуге ешқандай себеп те, қақымыз да жоқ. Билік те, құқық қорғау органдары да олардың жұмысына араласпайды. Мен де араласпаймын. Әрбір құқықбұзушылық дерегі бойынша шаралар қабылданады. Мен үшін азаматтарымыздың құқығы аса маңызды. Әсіресе қазіргі таңда мен үшін ең маңызды мәселе деп айтуға болады. Әрбір іс бойынша әділ шешім шығару – мен үшін негізгі принцип.