Мемлекет басшысы Ресей және Арменияның премьер-министрлерімен кездесті
Кездесуде сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастық, Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестікті дамытудың перспективалары талқыланды. Сонымен қатар Қазақстан Президенті мен Ресей премьер-министрі Украинадағы жағдайдың ушығуына және Ресейге халықаралық санкциялардың енгізілуіне байланысты қос мемлекет арасындағы алыс-берістің төмендеуіне жол бермеу жөніндегі бірлескен шараларды пысықтады.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Армения Премьер-министрі Никол Пашинянмен жеке кездесті. Онда Қазақстан мен Армения арасындағы қатынастардың қазіргі жай-күйі талқыланды. Мемлекет басшысы Арменияның Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымындағы төрағалығын жоғары бағалап, Никол Пашинянға ризашылығын білдірді. Өз кезегінде Армения Үкіметінің басшысы ҰҚШҰ-ның дағдарысқа қарсы әрекет ету тетіктерін оң бағалап, Арменияның ұйымға төрағалығы аясында осы мәселеге басымдық берілетінін атап өтті. Сонымен қатар қонақжайлық танытып, Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысының жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біздің Арменияға, армян халқына деген ілтипатымыз зор. Менің жеке өзім сізге, сіздің халқыңызға үлкен құрметпен қараймын. Биыл біздің дипломатиялық қатынастарымыздың орнағанына 30 жыл. Бұл – өте маңызды дата. Екі ел арасында жоғары деңгейлердегі ашық саяси диалог жолға қойылған. Парламенттік, мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз дамып келеді.
Никол Пашинян, Арменияның премьер-министрі:
- Бұл – біздің осы жылдағы алғашқы кездесуіміз. Дегенмен, біз бірнеше рет телефонмен тілдестік. Сол қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстандағы өмір толық қайта қалпына келгенін көріп, қуанып отырмын. Қазақстанмен арадағы қарым-қатынастарымыздың табысты дамып келе жатқанына қуаныштымын. Бүгін міне, еуразиялық экономикалық одақ форматында экономикалық ынтымақтастық пен Еуразиялық экономикалық кеңістікті одан әрі дамыту мәселелерін талқылап жатырмыз.