Алматыда ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 30 жылдығына арналған отырысы өтті
Мерейтойлық жиынның Алматыда өтуі бекер емес. 1992 жылы 27 наурызда дәл осы жерде ТМД Парламентаралық Ассамблеясын құру туралы келісімге қол қойылған болатын. Жиынға қатысушылар Ассамблея жұмысының маңызды бағыттарын ортаға салды.
Алқалы жиын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысушыларға жолдаған үндеуімен басталды. Үндеуді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев оқып берді. Мемлекет басшысы парламентаралық диалогтың Достастық кеңістігінде көпжақты ынтымақтастық орнатуда ерекше рөл атқаратынына назар аударған.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Бірлескен заң шығару жұмысы жаһандық күн тәртібі шеңберінде орнықты дамудың, декорбонизацияның және цифрландырудың маңызды міндеттерін іске асырудың теңгерімді тәсілдерін әзірлеуге мүмкіндік береді. Қазақстан Ассамблеяның көпжақты қызметін толық қолдайды.
30 жыл ішінде Парламентаралық Ассамблея 600-ден аса үлгі заң қабылдап, ТМД елдерінің құқықтық базасын қалыптастыруға үлес қосты. Достастық елдерінің құқықтық жүйелерін жақындастыру арқылы олардың әр салада ынтымақтасуына жағдай жасалды.
Валентина Матвиенко, ТМД ПАА кеңесінің төрайымы:
- Ассамблея жұмысының маңызды бағытының бірі – сайлау мен референдумдарды бақылау. Бұл салада Парламентаралық Ассамблея қалыптастырған механизм сайлау процестерінің халықаралық мониторингі жүйесінің бір бөлігіне айналды. ТМД Парламентаралық Ассамблеясының байқаушылары 140-тан астам сайлау процесін бақылады. Атап айту керек, алғашқы тәжірибеміз 1994 жылы осы Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің сайлауында болды.
Тәуелсіз мемлекеттер Достастығы Парламентаралық Ассамблеясының келесі отырысы күзде Өзбекстан Республикасында өтеді.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон