Жамбыл облысында референдумға дайындық жұмыстары пысықталды
Келелі жиында бас қосқандар Конституцияның түзетулер енгізілетін баптарына толығырақ тоқталып, ұйымдастыру шаралары жайлы кеңінен сөз қозғады. Өңірде барлығы 492 учаске жұмыс істейтін болады. Ережеге сәйкес, оның 21-і айтулы күнге 5 күн қалғанда жасақталады. Себебі олар әскери бөлімдерде, ауруханаларда және басқа да жабық нысандардарда орналасқан. Сондай-ақ аймақта облыс әкімдігі жанынан үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетін арнайы штаб құрылды. 688 мыңға жуық жамбылдық маңызды науқанға қатысады деп күтілуде.
Серғали Айдапкелов, облыстық референдум комиссиясының төрағасы:
- Бүгінде 492 референдум учаскесінде 3 748 комиссия мүшесі жұмыс жасап жатыр. Бірінші кезекте олар қашықтан оқыту арқылы сертификаттарын алды. Яғни бұлардың барлығы референдум өткізу туралы заңды актілерді біледі деген сөз.
Мұхтар Ерман, ҚР Орталық референдум комиссиясының хатшысы:
- 14 өңірге Орталық референдум комиссиясының басшылары және мүшелері шығып, дайындық барысын тексеруде. Өңірлердегі учаскелерді өз көзімізбен көріп, қандай жағдай жасап жатыр, техникалық жағынан қалай қамтамасыз етілді, учаскелік комиссия құрамындағы әріптестердің оқу мәселесін қарастырып, бірнеше оқу семинарын өткізіп жатырмыз.