Қазақ тілінің жаңа орфографиясы туралы арнайы еңбек әзірленеді – Қ. Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ мемлекеті аман тұрғанда қазақ тілі жасай береді», – деді. Президент тілге құрметімізді құр сөзбен емес, нақты іспен көрсетуіміз қажет екенін атап өтті. Ғылым, оқу-ағарту жүйесінде ауқымды реформалар болады. Қазақ тілі ғылымның, техниканың, бизнестің тіліне айналады. Осылай деген Мемлекет басшысы латын әліпбиіне қатысты да пікір білдірді. «Кейбір қоғам өкілдері біз әлі күнге дейін кириллицадан арыла алмай жатырмыз деп алаңдаушылық білдіріп келеді. Бірақ ең алдымен, бұл –лингвистикалық тұрғыдан өте күрделі мәселе. Осыны жақсы түсінген жөн деген Президент бұл істе асығыс-үсігіс шешім қабылданбайтынын ескертті. Қазақ тілінің жаңа орфографиясы туралы арнайы еңбек әзірленеді. Ұлытаудағы Ұлттық құрылтайдың отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Мемлекет басшысы, Тіл білімі институтына арнайы тапсырма бергенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен Тіл білімі институтына қазақ тілінің жаңа орфографиясы туралы арнайы еңбек әзірлеуді тапсырдым. Содан кейін ғана латын әліпбиіне ауысу жөнінде айтуға болады. Асығыстыққа жол бермеуіміз керек. Тіпті көшедегі билбордтар мен министрліктердің атауына қарасақ та жеткілікті. Тіліміз бұрмаланып кетті. Ашығын айту керек, бұл – қазақ тілінің табиғатына жат, тіпті тілімізді мазақ қылу сияқты көрінеді. Мұндай үстірт жасалған тіл реформасының қажеті жоқ. Бізге нақты реформа керек.