Нью-Йоркте БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 77-сессиясының жалпы дебаты басталады
Қорған Қонысбайұлы, тілші:
-Санаулы сағаттан соң БҰҰ-ның 77-сессиясының жалпы дебат апталығы басталады. Менің ту сыртымда сол БҰҰ-ның штаб пәтері тұр. Жақындау мүмкін емес. Мына маңның бәрі түгел қоршалған. Қаптаған полиция. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге барлығы 50-ге тарта құрылымдық күш жұмылған. Қауіпсіздік жерден де, әуеден де бақыланады. Ол енді түсінікті. Қазір әлем назары Нью-Йоркте. 100-ден аса елдің делегациясы осы алып елдің алып қаласына келді. Қасым-Жомарт Тоқаев та осында. Қазақ басшысы бүгін 77-сессияның жалпы дебатында әлем мінберінен сөз сөйлейді. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент болғалы екінші мәрте әйгілі мінберге шығуы. Алғаш рет мұнда 2019 жылы келген.
Ал 2020 мен 2021 жылдары Бас Ассамблеяның сессиясына өзге де көшбасшылар сынды Мемлекет басшысы астанадан бейнеүндеу жолдады. Сондықтан бұл пандемиядан кейін офлайн форматта өткелі тұрған алғашқы сессия десек те болады.
Болат Нұрғалиев, ҚР СІМ жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институтының басқарма төрағасы:
-Сессия өте қызық болады. Өзекті проблемалардың тізімі өте ұзын. Ең маңыздысы - Украинадағы жағдай. Оны тоқтату керек. Ол сөзсіз. Ешкімде күмән жоқ. Мен сенемін. Делегациямыз сол ұсынымды білдіреді.
Қазақ басшысы алғашқылардың бірі болып сөз сөйлемек. Қандай бастама көтеретіні әзірге бізге беймәлім. Сарапшылар Президент климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі, жаһандық экономикадағы сын-қатерге тоқталуы мүмкін екенін алға тартты. Жалпы биылғы сессияның негізгі тақырыбы – «Украинадағы қақтығыс, климаттың өзгеруі, короновируспен күрес, әлемдік экономиканың құлдырауы, инфляция, тауар тасымалының бұзылуы» сынды өзекті мәселелерге арналмақ.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Бас хатшысымен, Еуропалық Одақ басшылығымен және бірқатар мемлекет басшыларымен солардың өтініші бойынша кездесулер өткізбек. Кейін Президент осы Нью-Йоркте өтетін Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі жаһандық саммитке де қатысады деп жоспарланған.