«Рақымшылық жасау туралы» құжат қабылданды
Бүгін сенаторлар төменгі палата депутаттары мақұлдаған «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасын қабылдады. Енді құжат Президенттің қол қоюына жіберіледі. Сотталғандардан 40 адам заң күшіне енген сәттен бастап түрмеден шығады. Тағы 50 адам жарты жыл аралығында босатылады. Қаңтар айында зардап шеккендерге келтірілген залал өтеліп жатыр. Әлеуметтік, қаржылық және өзге де көмек көрсетілмек. Заңға сәйкес жазадан қылмыстық теріс қылық, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағандар ғана босатылады. Ал ауыр және аса ауыр қылмысқа барғандардың жазасы қысқартылады. Заң нормаларына сәйкес мемлекетке опасыздық жасағандар, террористер мен экстремистер түзеу мекемелерінен босатылмайды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
-Заң «Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде тәртіпсіздіктермен байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарға барған азаматтарды қылмыстық жауаптылықтан босатуды және олардың жаза мерзімдерін қысқартуды көздейді. Бұл заңды тәртіп бұзуға жол берген адамдарға қатысты қоғам мен мемлекет тарапынан жасалған гуманистік қадам деп қабылдаймыз.