20 қараша күні шетелдегі қазақстандықтар да дауыс бере алады
Оқу, жұмыс бабымен шетелде жүрген отандастарымыз 20 қараша күні жергілікті уақыт бойынша таңғы 7-ден кешкі 8-ге дейін дипломатиялық өкілдікке барып, дауыс бере алады. Саяси науқанға Ташкенттегі елшілік және консулдық қызметкерлері қызу әзірленіп жатыр. Бұл елде жүздеген отандасымыз тұрады. 20 қараша күні тағы толығуы мүмкін. Себебі Ташкент, Самарқан сынды қалаларға демалыс күндері саяхаттап баратын отандастарымыз көбейеді. Барлығы сайлауға қатыса алады.
Бақыт Нұрманбетова, Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің консулы:
- Қазақстан Республикасының Президенті сайлауына орай Ташкентте 267-ші сайлау учаскесі ашылады. Тұрақты немесе уақытша тұратын жұмыс істеп және білім алып жүрген 18 жасқа толған Қазақстан азаматтарының сайлауға қатысуына жағдай жасалады. Бұдан бөлек елшіліктің әлеуметтік желілерінде сайлауға қатысты өзекті жаңалықтар жарияланып, азаматтарға сайлаудың өзектілігі жеткізілуде.