Президент Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевты қабылдады
Мемлекет басшысына Агенттіктің былтыр атқарған жұмыстары мен оның тапсырмаларының орындалу барысы жөнінде есеп беріліп, алдағы кезеңге арналған жоспары туралы баяндалды.
Президентке мемлекеттік қызметке кіру ісіндегі артық кедергілерді жою, одан шығу тәртібін жеңілдету үшін жүргізілген жұмыстар туралы мәлімет берілді. Дархан Жазықбаевтың айтуынша, мемлекеттік қызметке іріктеу және қабылдау процесін толық цифрландыру мақсатында «Е-қызмет» жүйесі жаңғыртылды және оның базасында биыл 1 наурыздан бастап жаңа іріктеу жүйесі пилоттық жоба ретінде іске қосылады.
Агенттік төрағасы бюрократиялық кедергілерді азайтуға бағытталған мемлекеттік органдардың қызметін талдау нәтижелері туралы да баяндады. Дархан Жазықбаев Агенттікті толыққанды HR-институтқа айналдыру жөніндегі жоспарлы шараларға арнайы тоқталды.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа салалық кадрлардың мемлекеттік аппаратқа қажеттігін ескере отырып, Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу өткізуге дайындық жұмыстарының басталғаны жөнінде мәлімет берілді. Сондай-ақ өңірлік жастар кадр резервтерін құру жоспарда бар.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппараттың сервистік моделін қалыптастыру және мемлекеттік қызметті одан әрі жетілдіру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.