Түркістанда Орталық Азия мемлекеттерінің I Парламентаралық форумы өтті
Орталық Азия елдерінің мүддесі мен міндеті ортақ. Сондықтан тығыз ынтымақтастық пен сенімге негізделген диалогты нығайту, сыртқы және ішкі сын-қатерлерге бірлесіп қарсы тұру өңірдің болашағын айқындайды. Түркістанда өткен Орталық Азия елдерінің I Парламентаралық форумында бес елдің сенаторлары осы мәселелерді талқыға салды. Сонымен бірге парламентаралық қатынастар тетігін қалыптастыру, ақпарат алмасу, мәдениетті насихаттау, басқа да өзекті мәселелер төңірегінде пікір алысты.
Орталық Азия елдерінің I Парламентаралық форумы тұңғыш рет өткізіліп отырғандықтан, оған қатысушы делегаттардың үлкен дайындықпен келгені аңғарылады. Себебі әлемдегі геосаяси шиеленістер ушығып тұрған кезеңде түбі бір, тарихы ортақ бауырлас елдердің ауызбіршілікте болғанын олар да қалайды. Сондықтан қазір Орталық Азияға ынтымақтастық бәрінен қымбат. Ал бұндай салмақты жиынның Түркістанда өтуі тегін емес. Өйткені шаһардың Орталық Азия халықтары үшін мәдени де, тарихи да маңызы зор.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Cенатының төрағасы:
-Бізді осындай ортақ тарихпен бірге тығыз қарым-қатынасымыз да байланыстырады. Біздің мемлекеттеріміздің басшыларының екіжақты және көпжақты кездесулерінде де осы мәселелер тұрақты түрде талқыланып келеді. Біз парламентаралық байланыс кезінде осы басымдықты дәйекті түрде ілгерілетуіміз қажет.
Алқалы жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан сияқты Орталық Азиядағы 5 елдің Парламент Палаталарының басшылары мен 50-ге жуық делегат қатысты. Форум барысында парламентаралық қатынастарды кеңейтудің басым бағыттары мен біртұтас рухани-мәдени кеңістікті дамытудың өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды.
Орталық Азияда әлі де шешімін таппаған мәселелер жетерлік. Тараптар сол түйіткілдерді талқылап, түйінін тарқатуға тырысты. Атап айтсақ, көптен бері еліміздің Оңтүстігіндегі 3 млн-нан астам халықты мазалап келе жатқан трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану, экологиялық және энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету сияқты аймақтағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешудің жолдарын қарастырды.
Осы ретте айта кету керек, Түркістан облысының Келес, Сарыағаш аудандары ағын судың 80% көрші Өзбекстан Республикасынан алады. Жаз айларында судан тапшылық болып, шаруалар еккен егісіне тіршілік нәрін жеткізе алмай қиналады. Бұл да көршілермен арадағы ынтымақтастық аясында шешілетін өзекті мәселе.
Танзила Нарбаева, Өзбекстан Олий Мәжілісі Cенатының төрағасы:
-Осы форум шеңберінде қоршаған орнаны қорғау, су, энергетика ресурстарын ұтымды пайдалану, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық бойынша айтылған ұсыныстарды қолдаймыз.
Нұрланбек Шакиев, Қырғызстан Жоғарғы кеңесінің төрағасы:
-Өңіраралық еркін саудаға тосқауыл болатын кедергілерді алып тастауымыз керек. Орталық Азия елдері заң шығарушы органдарының ынтымақтастығы шекарадан тауар өткізуді жеңілдетіп, уақытты қысқартуға өз септігін тигізеді деп сенемін. Бұл өңірлердің арасындағы сауда айналымының дамуына ықпал етеді.
Бұдан бөлек, жиынға қатысушылар парламентаралық қатынастар тетігін қалыптастыру, ақпарат алмасу, мәдениетті насихаттау, басқа да өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты. Бұл форум Орталық Азия өңірін дамытудың стратегиялық бағыттарын парламентарийлер арасында талқылауға арналған тұрақты алаң болады. Жиын соңында делегаттардың келісімімен Түркістан декларациясы қабылданды.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш